Маугли синдромы: Жануар адам баласын асырай ала ма?

Маугли синдромы: Жануар адам баласын асырай ала ма?
Фото: ratatum.com

Голливуд фильмдері бізді, қазіргі ұрпақты, жануар адам баласын асырай алады, үйіріне қосып өз баласындай көреді деп санамызға сіңіріп тастағаны рас. Оның үстіне, Редьярд Киплингтің "Джунгли кітабын" естімеген, онда баяндалған Мауглидің тағдырын білмейтін адам жоқ.

Мауглидің өмірінен шабыт алған киномандар мен жазушылар "Тарзан" атты кейіпкердің тағдырын жазып шықты. Ол туралы кино да, анимациялық фильм де түсірілді. Бірақ... мұның бәрі қаншалықты рас, шындыққа жанасады? Өмірде шынымен болған ба? Міне, мәселе қайда жатыр.

Мұны ертегі, қиял, адамның сенгісі келген нәрсесі десек те, оның шынайы тұсы бар көрінеді. Өйткені осы күнге дейін адам баласын қасқырдың, маймыл мен аюдың, қой мен тіпті түйе құстың асырап алғаны жайлы 20-дан астам ресми дерек бар екен. Бұл деректердің бәрі құжатқа тіркеліп қорда сақтаулы тұр.

Адамның өз баласын жоғалтып алатын кезі көп болады. Әсіресе, орман мен тоғайға, таулы мекенде тұрып жатқан адамдарда көп болатын көрінеді. Баланы байқамай ұмытып кетуі мүмкін, не түсіп қалуы, не өзі кетіп қалуы мүмкін. Содан жануардың үйіріне не өзіне тап болады да, қамқорлық көреді. Сәбидің періштесі сездіргендей, жыртқыш аң болса да, бүлдіршінге мейірім танытады.

Бірақ бір өкініштісі – жануар мен хайуанаттың ортасына тап болған баланы қайта адами қоғамға қайтару қиын, тіпті, мүмкін емес. Егер бала ес білген сәтте ата-анасының қолында болып, қандай да бір адами қабілет пен белгілерді игерген болса, онда әлеуметтік әдіс-тәсілдер арқылы оны қоғамға қайта қосуға мүмкіндік бар. Ал ес білмей жануардың қолында қалғандарды қайтару мүмкін емес.

Тіпті, мынадай жағдай болған көрінеді. Ес білмей, жабайы табиғатта қалған бір баланың өзін қоғамға әкеліп, оны бейімдеуге тырысқанымен, қайтадан орманға не джунглиге қашып кеткен екен. Осыдан-ақ баланың өмірінде алғашқы жылдың, әсіресе, 3-4 жастың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз.

Қ. Слямбек