Бермуд үшбұрышы: ақиқат пен әпсана

Бермуд үшбұрышы: ақиқат пен әпсана
Фото: hipwallpaper.com

Бермуд үшбұрышы – Жер шарының сырлы нүктелерінің бірі. Атлант мұхиты, Саргассо теңізінде орналасқан бұл аймақ Флорида, Бермуд, Пуэрто-Рико аралдарымен қоршалған үшбұрышта орналасқандықтан осылай аталады.

Бұл жерден ұшатын немесе жүзетін су және әуе кемелері жұмбақ түрде жоғалып кететіндіктен адамдар Бермуд үшбұрышындағы апаттарды әртүрлі табиғи құбылыстармен, жатпланеталықтармен байланыстырады.

Бермуд үшбұрышының сыры неде?

Бермуд үштағанына қатысты ежелгі маялықтар да түрлі естелік жазба қалдырған. Осындай көне жазбалардың бірінде: "Алып теңіздің қалың мүк басқан тұсына жеткенде, теңізшілер күтпеген жерден сәтсіздікке тап болады. Бұл жерге келген кемелер бірнеше күн бойы қаққан қазықтай қозғала алмай қалады. Теңізде жел тұрмағандықтан, желкендер ашылмайды" – делінген. Әлем жұртшылығы үшін маялықтар айтып кеткен Бермуд үштағанындағы тылсым жайлардың маңызы бүгінде тіптен арта түсті.

©russia.tv

Ібіліс теңізі

Бермуд үштағанындағы су мен әуе кемелерінің "жұмбақ жоғалуын" алғаш рет 1950 жылы Associated Press-тің тілшісі Эдуард Ван Винкл Джонс айтқан. Ол бұл аймақты "Ібіліс теңізі" деп атаған.

"Бермуд үштағаны" терминін алға тартқан Винсент Гаддис "Агроси" журналында "Апатты Бермуд үшбұрышы" атты мақала жариялады. Мақалада АҚШ әскери-теңіз күштерінің 19-шы жаяу әскер бөлімі қалай із-түссіз жоғалып кеткені баяндалады.

Сонымен бірге, 60-70 жылдары Бермуд үштағанының айналасында әртүрлі негізделген және негізсіз қауесеттер тарала бастады.

Дүрбелеңнің себебі

Бермуд үштағанының паранормальды саласы бар деген теорияға сенетіндер ХХ ғасырда бұл аймақта 100-ден астам әуе және су кемелері жоғалып кетті деп мәлімдейді.

Жұмбақ жоғалып кетуден басқа, кемелер лезде бір аймақтан екіншісіне пайда болып, уақытты өзгерте бастайтын жағдайлар кездеседі.

Скептик-реалист ғалым Лоуренс Дэвид Куше өзінің "Бермуд үшбұрышы: ақиқат пен әпсана" кітабында апаттардың кейбірінің іс жүзінде басқа аймақтарда болғанын айтады. Ресми ақпарат көздерінде апаттар орын алғандығы туралы нақты деректер немесе дәлелдер жоқ.

19-звено

Бермуд үшбұрышымен байланысты ең танымал оқиғалардың бірі – АҚШ бомбардирлерінен тұратын 19-шы жаяу әскер дивизиясының апаты.

1945 жылы 5 желтоқсанда ауа рай мамыражай, теңіз ашық кезде АҚШ әскери базасынан Форт-Лодердейлге бес ұшақ ұшып, қайтып оралмайды. Ұшақ қалдықтары да табылмаған. Ұшқыштар әскери базамен радиобайланыс кезінде навигациялық құрылғылардың істен шыққанын және аспанда беймәлім құбылыстардың болып жатқанын айтқан. Ұшақтармен байланыс жоғалған кезде "Мартин Маринер" гидроұшағы оларды іздеуге шығып, ол да із-түссіз жоғалып кеткен.

©warhistoryonline.com

19-звено экипажы

Куше бес ұшақта тәжірибесі жоқ курсанттар болған дейді. Олардың ішіндегі лейтенант Тейлор ғана тәжірибелі ұшқыш болған. Оның өзі де бұл бағытқа алғаш рет ұшқан. Радиобайланыс кезінде сақталып қалған аудио да лейтенант бағытты жоғалтып алғанын, компастар бағытты көрсетпей жатқандығын айтқан. Бағытты қалпына келтіруге тырысқан Тейлор ұшағының жанармайы таусылып, теңізге қонуға мәжбүр болған. Бұл уақытта теңіз бетіндегі таудай толқындар қонуға тырысқан Тейлор ұшағын теңіз түбіне тартып әкеткен.

Ғалымның жазуынша, звеноны іздеп жолға шыққан "Мартин Мартинер" гидроұшағында өрт шығып, ол да апатқа ұшыраған.

Шындықты іздеу

2018 жылы Ұлыбританиядағы Саутгемптон университетінің зерттеушілер тобы Бермуд үшбұрышының айналасындағы қауесеттердің ғылыми негізін табу үшін зерттеулер жүргізеді.

Зерттеуге сәйкес, бұл аймақта кемелердің жоғалып кетуіне толқындар себеп болған.

©pcforum.hu

Бермуд ұшбырышында 30 метр биіктікке жететін өте тік толқындардың болатыны белгілі. Толқындар күшті дауылдың бір уақытта бірнеше нүктеде қозғалуы нәтижесінде пайда болады.

Мұны іс жүзінде дәлелдеу үшін АҚШ-тың Мұхит және атмосфера әкімшілігінің океанографы Саймон Боксалл қызықты эксперимент жүргізген. Океанограф жоғалып кеткен кемелердің шағын прототипін жасап, оларды арнайы контейнерге салып, Бермуд үшбұрышында тіркелген су қозғалысының моделін іске қосқан. Нәтижесінде, кемелер судың мұндай қозғалысына төтеп бере алмай су түбіне батып кеткен.

Зерттеушілер Бермуд үшбұрышындағы ауытқуларға байланысты басқа гипотезаларды да нақтылаған.

Магниттік ауытқу

Атлант мұхитында шынымен де магниттік ауытқулар бар, олар жер асты мантиясының қозғалысымен байланысты, бірақ бұл ауытқу Бермуд аймағынан оңтүстікке қарай 1500 шақырым жерде – Бразилия маңында байқалады.

©chudesamag.ru

Су астында жиналатын газдар

Осы аймақта байқалған ауытқулардың тағы бір себебі теңіз түбінде газдың үлкен қоры болып, олар жиі-жиі су бетіне шығу үшін үлкен толқындарды тудырады деген болжам. Мұндай толқындар кемелерді апатқа ұшыратып отырған. Бірақ ғалымдардың пікірінше, тіпті бұл болжам да өзін-өзі ақтамайды.

"Газдың жиналуы мүмкін, бірақ мұндай жағдай тек Бермуд ұшбырышында ғана емес, Жер жарындағы барлық мұқит пен теңіз нүктелерінде болады", - дейді Боксалл.

Басты кінәлі – адам

Боксаллдың айтуынша, бұл аймақта ұшақтар мен кемелердің апатқа ұшырауына басты себеп – адам.

АҚШ жағалауы күзетшісінің мәліметінше, Бермуд аймағындағы апаттардың 82 пайызы мұхитта жүзуге жеткілікті тәжірибесі жоқ адамдардың кесірінен болған.

"Апаттардың негізгі себептерінің бірі – кемелерде радио және навигациялық құрылғылардың болмауы. Мұхитта зерттеу жүргізу барысында біз қарапайым жол картасына немесе ұялы телефондағы навигаторға сеніп ашық теңізге шығып кеткен адамдарды кездестірдік. Жағадан 50-60 миль ұзағасын телефонмен байланыс жоғалады. Сіз бағытты жоғалтасыз", – дейді АҚШ ұлттық мұхит және атмосфера әкімшілігінің океанографы Саймон Боксалл.

Мұхиттанушылар Бермуд үшбұрышының құпиясын ашты

Ауа райының өзгеруі мен кенеттен туған дауылды апаттарда да маңызды рөл атқарады.

"Жалпы, Бермуд үшбұрышы нақты аймақпен шектелмейді. Әлемдегі кез келген нүкте Бермуд үшбұрышы болуы мүмкін. Тәжірибесіз ұшқыштар мен кеме басқарушылары бар да теңіздегі дауыл, толқындардың қозғалысы, су астындағы қауіпті газдың жинақталуы қалыптан тыс ауытқулар болып көрінуі мүмкін", - дейді Боксалл.

Т. Раушанұлы