Көгершін-пошташы жайлы қызық деректер

Көгершін-пошташы жайлы қызық деректер
Фото: yandex.kz

Көгершін – ауыл-аймақты жақсы тани алатын құс. Туған жерін, ұя салған орнын жазбай таниды. Көгершінді ұстап алып, алысқа апарып тастаса да, ұясын іздеп табатын киелі құс. Мұны ежелгі адамдар да байқаған. Содан көгершінді пошташы «қызметіне» алып, қарым-қатынас құралына айналдырған. 

Пошта тасуға басқа құстарды да үйретуге болады. Бірақ хатшылық көгершіннің қанында бар қасиет. Оны үйретіп қажет емес. Қанатына хатты байлап, ұшырып жіберсең болды - туған жерін айнымай табады. Көгершіннің кемшілігі тек бір бағытта ғана, яғни, үйіне қарай ұшатыны ғана. 

Француздар шағаланы, орыстар сұңқарды, ағылшындар қарлығашты пошта тасуға үйретіп көрген. Алайда олар көгершіндей көрсеткіш көрсете алмады. Көгершін жылдам, ауа райына қарамайды. 

Көшершінді қолға үйретудің тарихына келсек, бәрі көне гректерден басталғанын көреміз. Көне Грекияда адамдар көгершінді туған жерінен ұстап әкетіп, хат байлап қайта ұшырып жіберетін. Мәселен, Олимпиада ойындарының жүлдегерін көгершін арқылы еліне хабарлаған.

1176 жылы Мысырда Нұраддин патшаның кезінде ресми түрде мемлекеттік көгершін пошта қызметі құрылған.

Ал француздар көгершінді 1870-71 ж.ж. болған француз-неміс (немістердің ол кездегі мемлекетінің атауы – Пруссия) соғысында жиі пайдаланған. Тіпті, немістер хабаршының жолын кесу үшін қаршығаны жіберіп, көгершінді өлтіртетін. Бірақ француздар мұның да амалын тапқан екен. Көгершіннің тұяғына кішкентай ысқырық тағып жіберетін. Ысқырық құс ұшқан кезде, ауаға үйкеліп, ащы дыбыс шығарады. Бұдан жыртқыш құстар қорқатын көрінеді.

Қазіргі Ұлыбритания, бұрынғы Англияда Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде көгершін пошташылардың біріне армия полковнигі атағы берілген екен. Ал көз жұмған кезде шенімен бірге арулап көмген.

ХІХ ғасырдың аяғында Гавай аралдарында хат-хабар жеткізу үлкен мәселе болған. Өйткені мұхит кешіп өткенге кеме жоқ, аз. Арал тұрғындары көгершінді сол кезде қолдана бастаған. Пошташы құспен хат та, ақша да жіберген екен.

Ресейде 1890 жылы пошташы көгершіндердің қоғамы құрылып, спорттық жарыстар ұйымдастырылған. «Спортшы көгершіндердің хабаршысы» («Вестник голубиного спорта») атты журнал шығарылған.

Революциядан кейінгі жылдары Мәскеуде Домашкев есімді құсшының атағы жер жарып, баптаған көгершіндері бірінен кейін бірі ерлік көрсеткен екен. Мәселен, Домашкевтің көгершіндерінің бірі 1929 жылы КСРО-да рекорд орнатып, 537 шақырым жерді 6 сағат 8 минутта ұшып жеткен. Көгершін орта есеппен 86 шақырым/сағат жылдамдықпен ұшқан.

Қазір коммуникацияның дамыған заманы. ХХ ғасыр логистиканың ғасыры болса, ХХІ ғасыр – ақпарат пен коммуникацияның ғасыры. Әлемнің кез келген жеріне хат жіберу қас қағым. Алайда пошташы көгершіндердің ғұмыры таусылған уақыт десек, қателесеміз. Мәселен, ағылшынның Плимут қаласының дәрігерлері клиникадағы қан талдамасын лабораторияға көгершінмен жібереді. Клиника мен зертхананың арасы жап-жақын, бірақ көлік кептелісінің кесірінен дәрігерлер сараптама қорытындысын дер кезінде жеткізе алмай қиналатын көрінеді. 

Ал Үндістан әлі күнге дейін шалғай елдімекендерге көгершінмен пошта жеткізеді.

Қ. Слямбек