Арктиканың озон қабаты жұқарып барады

Арктиканың озон қабаты жұқарып барады
Фото: aliveforfootball.com

Ресей ғалымдары Арктиканың озон қабаты жұқарып, тесілудің аз-ақ алдында тұрғанын айтып, дабыл қағуда. Мұны РИА Новости хабарлады.

– Біздің болжам бойынша, 2020 жылдың наурыз және сәуір айларында озон қабатының жұқаруы ең төменгі деңгейге жетпек. Яғни, озон қабатының қалыңдығы 30-40 бірлік Добсонға (өлшеу бірлігі) дейін жұқармақ. Ал озон қабатының негізгі қалыңдығы 260 бірлік Добсонға тең. Бұған дейін озон 220 бірлік Добсонға дейін ғана жұқарған еді, - дейді ФГБУ "ЦАО" ғалымдары.

Арктикадағы озонның бұлай жұқаруына биыл мұз басқан аймақтың стратосферасында ең суық температураның кесірінен пайда болған поляр құйыны әсер еткен.

– Озон қабаты – жерге келетін ультракүлгін сәулеге тосқауыл қоятын қорғаныш қабық. Егер ол жұқарса, жерге түсетін ультракүлгін көбейіп, радиация таралады. Ал бұл адам денсаулығына зиян, - дейді ғалымдар.

Соңғы рет озон қабатының жұқаруы 2011 жылы болған еді. Ол кезде жер бетіне радиация тарап, Солтүстік жарты шар аймақтары мен Мәскеуге дейін жеткен болатын.

Енді ғалымдар озон қабаты жұқарған кезде, күн бұлтты болса екен деп тілеп отыр. Өйткені бұлтта ультракүлгін сәулені кері шағылыстыра алатын қабілеті бар. 

Қ. Слямбек