Табиғат құқығын Конституциямен қорғайтын мемлекет

Табиғат құқығын Конституциямен қорғайтын мемлекет
Фото: www.tokkoro.com

Эквадор – адамға азаматтық құқық берілгені сынды табиғатқа да құқық беріп, оны Конституциялық деңгейде қорғайтын әлемдегі жалғыз мемлекет. Яғни, бұл елде табиғат пен адамның құқығы тең.

Оңтүстік Америка құрлығында орналасқан Эквадор мемлекеті, негізінен, мұнай өндірумен айналысады. Экономикасы мұнайға байланған. 2008 жылы әлемдік дағдарыс басталған кезде, экономиканы сақтап қалу үшін ел үкіметі мұнай өндірісін күшейтіп, табиғатқа біршама зиян шектіріп алды. Содан қоғам белсенділері мен табиғатқа жанашыр саясаткерлер қоршаған ортаны қорғауға үндеп, саяси өзгерістерге жол ашты.

Осы жылы президент Рафаэль Корреа Конституцияға ірі толықтыру енгізіп, табиғаттың экожүйесін қорғау туралы бап шығарды. Конституцияның 10-бабы, 71-74-тармақтарында табиғаттың қорғалуы мен өмір сүруі, тіршілік етуі және қалпына келтірілуі экожүйенің ажырамас құқығы деп жазылды. Соған сәйкес, табиғаттың құқығы бұзылып, аяққа тапталған жағдайда, ел азаматтары экожүйенің атынан петиция ұйымдастырып, үкіметке талап қоя алады.

Байырғы халық

Эквадорда мекендейтін Анд тауының байырғы тұрғындары – кечуа халқы табиғатпен етене тіршілік кешкен, экожүйемен бірге өмір сүру салтын құраған халық. Қоршаған ортаны қорғауды мәдениетінің, салт-санасының ажырмас бөлігі санайды. Табиғатқа жеке мүлкі ретінде қарайды.

Конституцияға сенсек, егін егіп не кәсіпорын салу үшін жер алған азамат оны өзімдікі екен деп, қалай болса, солай пайдалана алмайды. Егер экожүйеге залал келтіретін әрекетке барса, онда сот алдында жауап береді. Өйткені Эквадорда өз-өзін қорғау табиғаттың ажырас құқығы саналады. Жерді иеленген жекелеген тұлғалар мен кәсіпорын, корпорациясының табиғаттың құқығын бұзуға хақысы жоқ.

Елде табиғатты қорғау бойынша талай сот өткен. Мәселен, жолды кеңейтіп, қоқысты өзенге тастамақ болғаны үшін жергілікті әкімшілікке сол жердің тұрғындары арыз-шағым түсіріп, жолды жөндетуден бас тартқан. Өйткені жол кеңейтілсе, өзен арнасын тарылтып, экожүйеге зиян келтіреді деп ойлаған.

Прогресс

Әлемде антропоцентризм және экоцентризм деген екі үлкен ағым бар. Антропоцентрологтар бүкіл әлемнің ортасында адам тұруы керек десе, екінші ағым өкілдері әлемнің ортасында табиғат тұруы керек дейді. Эквадордың Ата Заңына өзгеріс енгізгендер де – дәл осы экоцентрологтар. Адам табиғатқа бағынуы керек деп санайды олар. Табиғаттың экожүйесімен байланысып, сонымен бірге үйлесімде, соған бағына тіршілік кешуі керек деп тон пішеді. Ал антропоцентрологтар адам табиғатты бағындырып, оны сақтау мен қорғау шараларын өзі ұйымдастыруы керек деп санайды.

Ал белсенді, қоршаған ортаны қорғаушы, «Табиғат – құқық иесі» кітабының авторы Альберто Акостаның айтуынша, табиғатқа құқық беру заң  мен гуманизм саласындағы прогресс деген баға береді. «Мәселен, әйел адамға құқық берілген кезде, оған жеке мүлік ретінде қарау жойылып, оған тұлға ретінде қарау ойы келді, сол сынды табиғатқа да құқық берілгені адами санаға жол бастауы мүмкін» дейді кітап авторы.

Ал сіз табиғатқа құқық беру керек деп ойлайсыз ба?

Қ. Слямбек