Мегаладон неден жойылған?

Мегаладон неден жойылған?
Фото: YouTube, Imagui, Air Freshener

Мұхит әлемі бүгіп жатқан сыр қаншама? Зерттеушілер су түбіндегі тылсым сырларды ашуға талпынып-ақ келеді. Осы күнге дейін зерттегендері бір тоғыз болса, зерттелмей, әлі күнге құпиясын жасырып келе жатқаны тоқсан тоғыз.

Ұшы-қиыры жоқ мұхит, телегей теңіз жайлы аңыз да көп, ақиқаты да жетерлік. Соның бірі - алып акула мегалодон. Бұл тіршілік иесі осыдан миллиондаған жыл бұрын мұхитта тіршілік еткен деп топшыланады. Ұзындығы 18 метр, ал салмағы 47 тонна болған көрінеді. Бірақ біржола жойылып кетті (Кім біледі, бәлкім әлі бар да болар. Әйткенмен адамзат көзіне түсе қойған жоқ)

Мегаладонның неден жойылып кеткені әлі күнге дейін зерттеліп келеді. Ғалымдар бұл тіршілік иесі климаттың өзгеруінен (ғаламдық жылыну) азайып, біржола жойылған деп есептейді. Дегенмен зерттеушілер арасында өзге де себептері айтылады. Жуырда тіпті мегаладон "теңіз жыртқыштарының әсерінен жойылған" деген де нұсқа пайда болды. Мұндай қорытындыны Оңтүстік Каролинадағы Чарлстон колледжінің палеонтологтары PeerJ журналында жариялады.

Мұхит түбін мекендеген алып тіршілік иесінің кей қаңқа қалдықтары Солтүстік Американың батыс жағалауынан табылған. Палеонтологтар қайта қарап, мегаладон 2,6 миллион жыл бұрын емес, тіпті одан да бұрын (шамамен тағы 1 миллион жылдай) жойылғаны жайлы қорытынды шығарды. Ал жойылуына бірден-бір себеп ақ акулалар деген тоқтамға келген.

- Алып ақ акулалар алғаш рет жер бетінде шамамен 6 миллион жыл бұрын пайда болған. Олар бастапқыда тек Тынық мұхитында болған. 2 миллион жыл өте олардың саны едәуір артып, барлық аймаққа тараған. Мұхиттан мұхитқа, теңізден теңізге тараған ақ акулалар алып мегаладонның азығына ауыз салған. Осыдан барып азық үшін бәсеке туып, алып балықтың тіршілігі құрдымға кеткен, - дейді Чарлстон колледжінің палеонтологы Роберт Боссенекер.

National Geographic сарапшылары бұл нұсқаны тың әрі жылдам қабылданған гипотеза ретінде бағалады. Себебі мегаладон азық болмай жойылған болса, онда ақ акулалар ғана емес, өзге теңіз жыртқыштарын да назардан тыс қалдырмауды айтады.

Мегаладон режиссерлардың да қиялына қанат бітірген тіршілік иесі. Мысалы, 2001 жылы режиссер Мэтт Коддтың "Shark hunter" фильмі жарыққа шықты. Ал өткен жылы Джон Тертелтаубтың "Meg: Monster of the depth" фильмінде мегаладон жайлы молынан айтылады.

Өткен жылы мегаладонды Швейцария мен АҚШ елінің ғалымдары да зерттеген болатын. Олар да табылған барлық қалдықты зерттей келе алып балықтардың толық жойылып кеткен уақытын 2,6 миллион жыл бұрын деп болжаған еді. 

Ө. Сансызбай