Мегалодон – әлемдегі ең үлкен акула

Мегалодон – әлемдегі ең үлкен акула
Фото: obri-oceanu.com

Ғалымдар омыртқалы жануарлар тарихындағы ең үлкен және ең күшті балықтар өлімінің себептерін зерттеді. Мегалодон жер бетінде бұрын өмір сүрген акулалардың ең үлкені. Ғалымдар оның тасқа айналып қалған қалдықтарын зерттей келе осы акула түрінің ұзындығы – 18 метр, салмағы – 65 тонна болғанын анықтады.

Бұл супержыртқыштың қалдықтары көп табылғанына қарамастан, олар не үшін біздің заманымызға дейін жетпегені туралы мәлімет аз.

“PLOS One” журналында жарияланған жаңа зерттеулерді Швейцария мен АҚШ ғалымдары бірігіп жүргізген. Олар табылған барлық қалдықты зерттей келе Мегалодондардың қырылып кету уақытын анықтады. Бұл 2,6 миллион жыл бұрын болған екен.

Жыртқыштар рейтингісінде көш бастап тұрған бұл ірі акуланың жойылып кетуі ғаламшарымыздың басқа жануарларына, жалпы экотізімге әсер етпей қоймаған. Оның айтарлықтай салдарының бірі – киттердің үлкеюі. Ғалымдардың мәлімдеуінше мегажыртқыштардың негізгі тұтынатын азығы да осы киттер болған. Киттер қалдықтарындағы мегалодонның 17 сантиметрге дейін жеткен гигант тістері табылуы соның дәлелі.

“Мегалодон” грек тілінен аударғанда  – "үлкен тіс" (μέγας и ὀδούς) дегенді білдіреді. Мегалодонның 5 қатар орналасқан 276 тісі болған. Бұл жыртқыштың ең көп табылатын қалдығы да осы тісі. Акуланың қаңқасы, омыртқа сүйектері тағы басқа қалдықтары өте аз табылады екен.

Оның қалдықтары Еуропа, Солтүстік, Оңтүстік Америка, Африка, Аустралия, Пуэрто-Рико, Куба, Ямайка, Үндістан, Жапония, Жаңа Зеландия жалпы жер шарының барлық жерінде табылған. Мегалодонның тісінің күші – 182 000 ньютонға дейін, яғни бұл қазіргі күндегі ақ акула тісінің күшінен 10 есе көп болған.

Т. Раушанұлы