Мектепке апаратын ең қауіпті 10 жол

Мектепке апаратын ең қауіпті 10 жол
Фото: cloudarticles.info

Білім – ақылдың шырағы. Бірақ біз күнделікті өмірде бұл сөздің мәніне бойлап жатпаймыз. Дамыған мемлекеттерде білім алу үшін жағдай жасалған. Сонда да балалар мектепке бармай немесе сабақтан қашып жатады. Сәл нәрсеге қит ете қаламыз. Балаларымыздың білім алу сапасына келгенде мектепте жағдай жасалмағанын айтып, сылтауратып шыға келетініміз жасырын емес. Кейбір мемлекеттегі балалар мектепке бару үшін қауіп-қатерлі жолдарды басып өтеді және сол үшін ешкімге шағым айтып жатпайды. Тіпті мектепке бармай қаламын десе сылтау мен дәлел жеткілікті. Бірақ олар сабақтан қалмайды. Білім дүниенің кілті екенін түсінеді. Сол үшін де кез келген қауіпті тосқауылдардан өтіп, мектепке баруға дайын. Бүгін біз мектепке бару үшін таңмен таласып тұрып, осындай қатері мол жолдардан өтетін оқушылар туралы әңгімелемекпіз.  

Мегхалая, Үндістан
Үндістанның Мегхалая елдімекенінде тәлім алатын балалар мектепке бару үшін тропик орман, ағаш бұтақтары мен тастан жасалған көпірден өтуге мәжбүр. Білім алуға деген ынта оларды бұл көпірден аман-есен өткізеді.

Гулу, Қытай 
Қытайдың осы ауылындағы балалар мектепке ені 60 сантиметр болатын соқпақпен жүріп барады. Жоғарыда құз, төменде жартастар мен жыралар. Сонда да балалар таңертең мектепке кешікпей, бірінші қоңырауға үлгеріп келеді. 

Занскар, Үндістан Гималаи 
Занскар королдігінде тұратын балалар 30 градус суықта да мектепке бара береді. Білім орталығына баратын жол үлкен өзеннің үстінен өтеді. Кейде өзендегі мұздың жұқалығы сондай 10 келі шығатын баланы да көтере алмайды. Оқушылар күн сайын таңертең сабаққа бару үшін 2,5 сағат уақыт жұмсайды, қайтуға да сонша уақыт кетеді. Кейде олар мектепте түнеп қалады. Себебі әлсін-әлсін өзенді тұман басып, жол қауіптілігі арта түседі. 

Лебак, Индонезия 
Лебак округінде тәлім алатын оқушылар әр таңда өзен үстінен аспалы көпір арқылы өтеді. Бұл көпір шамамен 150 жыл бұрын құрылған. Бір жарым ғасыр уақытта көпір бірнеше рет жөндеуден өтсе де, оны пайдалану жылдан жылға қиындап келеді.

Нью-Дели, Үндістан 
Нью-Дели аудандарының бірінде тұратын балаларды мектепке алып баратын көлік жоқ. Сондықтан, олар есек арбамен баруға мәжбүр. Жол кейде ұзаққа созылып кетеді. Себебі бір арбаға кейде жүздеген бала отырып, есектің арбаны тартып жүруі қиындайды. 
Сычуань, Қытай 
Сычуаньда қытайлық оқушылар әр таңда құз-жартастар арқылы мектепке барады. Бұл жерде арнайы сатылар қойылған. Ал мектепке апаратын қауіпсіз жол 4 сағат уақытты алатын болған соң балалар осы жолмен жүруге мәжбүр.

Колумбия 
Колумбиядағы балалар мектепке бару үшін "тарзанканы" пайдалануға мәжбүр. Егер, арқан үзілсе олар өзенге құлап, қайтыс болуы мүмкін.

Килангкап, Индонезия 
Индонезияның Килангкап округіндегі оқушылар мектепке бару үшін өзенді жіңішке салмен кесіп өтуге мәжбүр. Негізінде, бұл жерде мектепке апаратын көпір болған, 2013 жылғы өзеннің тасқыны кезінде көпір бұзылған. Содан қайтып жаңа көпір салынбағаны себепті балалар осындай салмен барады. Оларды бұл қиындық тоқатата алмайды. Себебі бұл жерде мектепті бітірген бала өте білімді болып есептеледі. Ал университетке оқуға түскендер – ұлттық қаһарман! 

Пайлай, Қытай
Қытайдың Пайлай қалашығындағы мектеп-интернатқа бару үшін балалар 128 шақырым жолдағы бірнеше ауылды кесіп өтіп, ұзындығы 650 метр құздан өтуге мәжбүр. 

Суматра, Индонезия 
Суматрадағы оқушылар күн сайын өзеннен өту үшін биіктігі 4 метрлік аспалы көпірді пайдаланады. Кәсіби акробаттар жүруі қиын жолдарды балалар 10 минутта оңай кесіп өтеді. Ал төменде сарқырама. Ары қарай ойлаудың өзі қорқынышты...

Т. Раушанұлы