- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Жер бетіндегі ең...
Жер бетіндегі ең ірі 6 метеорит
Үлкен көлемдегі ғарыш тастарын астероидтар дейтінін мектеп оқулығынан білеміз. Бұл тастар метеориттерге қарағанда қауіпті. Көпшілік осыдан 65 миллион жыл бұрын динозаврлардың мүлдем жоқ болып кетуінің себебін осы астероидтардан көреді. 2013 жылы тағы да сондай оқиға орын алуы мүмкін еді. Бірақ, қуанышқа орай "2012 DA14" деп аталатын ғарыш тасы біздің ғаламшарымызды 27 743 шақырым қашықтықта "жанап" өтті.
Жерге құлайтын ғарыш тастары көбіне атмосфераның өзінде-ақ жанып кетеді. Бірақ, кейде атмосфераны жарып өтіп жерге дейін жететін метеориттер де бар. Кейбір сондай метеориттер мың жылдап жерде елеусіз жатады. Бірақ түбінде олардың да "уақыт-сағаты" келеді. Назарларыңызға жер бетінде табылған ең ірі метеориттер туралы мәліметтерді ұсынамыз.
Уилламетт
Уилламетт АҚШ жерінен табылған ең ірі, ең қарт метеорит болып есептеледі. Оның салмағы 15,5 тонна, көлемі 7,8 шаршы метр. Уилламетт құрамы негізінен темір мен никелден тұрады. Мәліметтерге қарағанда ол шамамен 1 миллиард жыл бұрын жерге түскен.
Бұл метеориттің тарихы қызық. Оны 1902 жылы уэльстік эмигрант, кенші Эллис Хьюз тапқан. Ол "байлығын" үйіне жеткізу үшін 3 ай уақытын жұмсады. Содан соң тасты көруге келушілерден 25 цент алып отырған. Бірақ бұл шағын бизнесі тез тоқтатылып, меторитке иелік ету құқығы Орегон болат компаниясына өтеді.
1905 жылы метеоритті Уильям Додж ханым 26 000 АҚШ долларына сатып алды және 1906 жылы Нью-Йорктегі "Америка табиғи тарих мұражайына" ("American Museum of Natural History") сыйға тартады.
Ол бүгінгі күнде де сол жерде тұр. Метеорит мұражайға жеткізілгеннен кейін Орегон штаты үндістері Уилламетті қайтаруын сұрап келеді. Метеорит олардың діни мерекелерін өткізетін кезде тотем міндетін орындайтынын айтады. Бірақ, бұл уақытта метеориттің үстінен мұражай салынған болып, енді мұражай қабырғаларын бұзбай оны алып шығу мүмкін емес еді.
Ұзақ келісімнен кейін екі жақ діни рәсімдерді жылына бір рет мұражай ішінде өткізуге келісіп алады.
Мбози
Мбози метеориті 1930 жылы Танзаниядан табылған. Оның көлемі 3 метр болып, салмағы 25 тонна яғни ол Уилламеттен екі есе ауыр. Мбози Танзания халқы үшін қасиетті тас саналады. Олар оны "кимондо" деп атайды.
Бір қызығы Мбози айналасынан кратер табылмапты. Адамдар оны жерде көміліп жатқан жерінен тапқан екен.
Зерттеулер нәтижесінде Мбозидің 90 пайызы темірден, 8 пайызы никельден қалғаны алтынкүкірт, мыс, фосфордан тұратыны анықталған. Болжамдарға қарағанда метеорит жерге шамамен бірнеше мың жыл бұрын түскен.
Мис Йорк
Мис Йорк метеориті Жер бетіндегі табылған ең ірі үшінші ғарыш тасы. Ол біздің ғаламшарға осыдан 10 мың жыл бұрын келіп түскен. Оның ең үлкен бөлігі Гренландия аралынан табылған. Көлемі 3,4 x 2,1 x 1,7 метр. Үлкен бөліктің маңынан тағы 3 тонна 400 келі екі бөлшек табылған. Метеориттің жалпы салмағы шамамен 58,2 тонна.
Бұл метеорит туралы алғашқы мәліметтер 1818 жылдары берілген. Шығыс теңіз жолын іздеген шотландтық теңіз саяхатшысы Джон Росс металлды қайта өңдеуді білмейтін эскимостардың найза мен пышақтарды пайдаланып жатқанына таң қалған. Эскимостар темірді бір "металл таудан" алатынын айтқан екен. Өзімен бірге Англияға алып кеткен бөлшек зерттеулерінің нәтижелеріне қарағанда оның құрамында жер жүзінде кездеспейтін ең таза никель бар болып шыққан.
1894 жылға дейін метеориттің құлаған орны табылмаған. Америкалық теңізші Роберт Пири эскимос жол бастаушысының арқасында 1894 жылы бірден метеориттің үшеуін де тауып алады. Кейін ол эскимостардың көмегімен меториттерді кемеге артып, "Америка табиғи тарих мұражайына" алып кетеді.
Бакубирито
Мексикада табылған метеориттің ең үлкені болып есептеледі. Салмағы 20-22 тонна, көлемі – 4,25 x, 2 x 1,75 метр. Құрамы негізінен темірден тұрады.
Бакубиритоны 1893 жылы геолог Гилберт Эллис Бейли тапқан. Ол Чикагодағы "Interocean to Central and South America" журналының тапсырмасымен Мексикаға келіп жергілікті тұрғындардың көмегімен метеоритті тауып алады. Бүгінде Бакубирито "Centro de Ciencias de Sinaloa" ғылым-білім орталығында орналасқан.
Эль Чако
Эль Чако жер бетіндегі ең ірі метеориттердің екіншісі. Оның салмағы 37 тонна. Ол 1969 жылы табылған. Эль Чако "Campo del Cielo" деп аталатын метеориттер фрагментінің бірі. Олар Аргентинада 60 шаршы шақырым аумақта кратер пайда болуына себепші болған.
2016 жылда сол маңнан тағы бір 31 тонналық метеорит табылды.
Гоба
Жер бетінде табылған ең ірі метеорит – Гоба. Оны 1920 жылы Намибияда жер жыртып жатқан фермер иесі тауып алған. Зерттеулерге қарағанда ол 80 мың жыл бұрын жерге түскен екен. Сол уақыттан бері Гоба еш жерге көшірілмеген.
Гобаның салмағы 66 тонна. Оның құрамы тек темірден тұрады. Көлемі 9 текше метр. Метеорит 1955 жылы Оңтүстік-Батыс Африка үкіметі тарапынан мемлекеттің ұлттық мұрасы деп жарияланды. 80-ші жылдары ол орналасқан аймақ үкіметке өтті. Сол кезден бері бұл жерге туристтер келіп тұрады.
Т. Раушанұлы