- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Немо нүктесінде ешбір...
Немо нүктесінде ешбір фауна мекен етпейді
Немо – қандай да бір құрлықтан ең алыс орналасқан Тынық мұхитындағы нүкте. Егер сіз Немо нүктесінде орналассаңыз, ең жақын деген құрлыққа жету үшін 2688 километр қашықтықты жүзіп өтуге тура келеді.
Немо нүктесін 1992 жылы хорват инженері Хрвойе Лукатела әлемдік картаны компьютермен модельдеу арқылы анықтады. Лукатела Жюль Верннің адамзаттан алыстап, жыраққа ұмтылған кейіпкері капитан Немоны негіз етіп алып, географиялық нүктеге Немоның атын берген.
Немо нүктесіне ең жақын үш құрлық бар: Дюси атоллы, Моту-Нуи аралы және Махер аралдары. Бұл аралдың барлығында адам атаулы тұрақтамаған, тек Дюси атоллынан 470 километр қашықтықта орналасқан Ұлыбританияның меншігіндегі Питкэрн аралы ғана адам мекендейтін Немо нүктесіне ең жақын жер.
Құрлықтан қашықта орналасқандығымен қатар, Немо нүктесі – қуатты мұхит ағыстарының аймағы. Сондықтан бұл нүкте айналасында су бактерияларынан өзге ешбір фауна тіршілік етпейді. Бұл фактор ескеріліп, ғарыш кемелерінің қалдықтары осы аймаққа тасталады. Немо нүктесінің "ғарыш кемелерінің қорымы" деп аталып кетуі де кездейсоқ емес.
Немо нүктесіне ең жақын қашықтықта өтетін материя – Халықаралық ғарыш станциясы. Өйткені ғарыш станциясының ұшу айлағының Жерден қашықтығы – 400 километр. Бұл қашықтық Жер бетінің Немо нүктесіне қатысты енінен әлдеқайда қысқа.
Massaget.kz