Тынық мұхитындағы қоқыс аралы ғалымдар ойлағаннан 16 есе үлкен

Тынық мұхитындағы қоқыс аралы ғалымдар ойлағаннан 16 есе үлкен
Фото: russia-now.com

Тынық мұхитында түрлі антропогенді қоқыстар мен қалдықтардан жиылған үлкен қоқыс аралы бар екені белгілі. Бірақ, бұл ақпаратқа осы күнге дейін жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей келді. Әлем жұртшылығы жақында анықталған тың деректер осы олқылықты жоятынына үміттенеді.

Scientific Reports басылымында жарияланған мақала аралдағы пластика саны 1,8 триллион екенін көрсеткен. Бұл ғалымдар болжаған мөлшерден 16 есе көп екен. Ал, оның жалпы көлемі 1,6 миллион шаршы шақырымға жуықтайды. 

"Біз қоқыстан жиылған аралдың нақты көлемін білген кезде қатты таңғалдық",– дейді экспедицияның бас маманы  Джулия Рейссер. Ал, оның көмекшісі Боян Слат аралдың басым бөлігін пластика құрайтынын айтады.

Бір қызығы, бұл аралдың көлемі Франция мемлекетінен екі есе үлкен екені белгілі болғанда, бірнеше адам қоқыс аралын жеке мемлекет деп мойындау идеясын ұсынған еді. Олар ресми бекітілмеген мемлекеттің өз құжатын,  валютасы мен маркаларын ойлап тапты. 

Жобаны ұйымдастырған Майкл Хаджес пен Дал Эванс Де Альмейда есімді жарнама мамандары сол қадамдары арқылы табиғат ластануын әлі күнге дейін маңызды мәселе ретінде қарастырмай жүрген барша мемлекет басшыларына ой салуды мақсат етті.

"Әлем елдерінің басшылары бұл мәселеге қажет деңгейде назар аудару үшін дәл осылай істемесе болмайды. Осыдан кейін көңіл аудармаса, бұл шешімін таппайтын үлкен мәселеге айналмақ",– деген болатын Хаджес.

А. Оралқызы