2018 жылы атқылауы мүмкін жанартаулар

2018 жылы атқылауы мүмкін жанартаулар
Фото: historycollection.co

The Daily Mail басылымы жанартау зерттеушілерінің пайымдауы бойынша 2018 жылы атқылайтын жанартауларды атады. Осы тізімге іліккен Жапония, Индонезия, Мексика, Эфиопия және Филиппин елдері жақын күндері қауіп-қатердің ортасында қалуы мүмкін.

Өткен жылы Жапонияда оянған Симмоэ жанартауы уақыт өткен сайын қауіптілігін арттырып келе жатыр. Осыған орай жақын арада жанартау ішіндегі лава сыртқа атқылайтыны анық дейді осы саланың зерттеуші мамандары.

Лаваның астында қалу қатері бар тағы бір аймақ – Индонезияда. Мерапи жанартауының маңайында халық тығыз орналасқандықтан апат кезінде адам шығыны көп болуы мүмкін. Сол себепті, апатты аймақтың маңайында шоғырланған халық, қазіргі уақытта жапа-тармағай бұл меннен көшіп жатыр.

Былтыр жазда Исландиядағы Эрайвайекюдль жанартауы да өзінің қаһарын көрсетіп қойды. Өз тарихында тек екі рет қана оянған бұл отты тау биылғы жылы үшінші рет қауіп төндірейін деп тұр.

Әлемдегі үлкен жанартаулардың қатарынан ойып тұрып орын алатын Мексикадағы Попокатепетль ошағы да бұрқылдап жатыр. Тіпті, былтырғы жылдың өзінде жанартаудан күл ұшып, маңайды қап-қара күйемен бояп үлгерді. Осы жылы бұл маңда алапат апаттың боларын осылай ескертіп жатқандай.

Чилидегі Вильяррика болса 2 жылдан бері әлі бұрқылдап жатыр. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, бұл жанартаудан ірі көлемде лава атқылайды деп күтілуде.

Апаттың болуы мүмкін алтыншы аймақ – Гавай аралдары. Бұл мекендегі Килауэа жанартауында 35 жыл бойы тау ішіндегі лава бірқалыпты қозғалыста тұрыпты. Бірақ, сала зерттеушілерінің зерттеу жұмысына сүйенсек, алдыңғы жылдың аяғында осы тауда жанартау белсенділігі артыпты. Осы болжамға сәйкес, бұл аймақта апат бола қалса, қаржысы бар қарталылардың демалысы жоспардағыдай болмайын деп тұр.

Ең алапат апат АҚШ-та болады деген болжам шындыққа жанасады. Себебі, ең қауіпті жанартаулар түріне жататын Йеллоустоун шұңқыры ең көп атқылаған ошақ. Соған орай ол кез келген уақытта оянып, қысқа ғана уақыттың ішінде ыстық жалынымен айналаны бүлдіре салуы мүмкін.

А. Қажиев