- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Жануарлар достығына сенесіз...
Жануарлар достығына сенесіз бе?
Достық деген ұғымды кім қалай түсінеді? Достық – адамдардың бір-біріне деген бауырмалдығы, сыйластығы һәм құрметі делік. Бұл қасиет адамдарда ғана бар ма? Жоқ, достық жануарлар арасында да бар. Олар да тіршілік иесі. Жануарларда сезім жоқ десеңіз, қателесесіз. Оған дәлел ретінде әлемде өмір сүретін бірнеше жануарлар тізімін қарастырып көрейік. Ендеше, назар салыңыздар!
Оңтүстік Каролинаның сирек кездесетін һәм жойылу қаупі бар жануарлар интститутында Сурья атты маймыл (орангутанг) пен Роско есімді лақап аты бар ит өмір сүреді.
Олар ең алғашқы сәттен достасып кетті. Роско белгілі бір себеппен осы интститутқа әкелінгенде мұндағы маймыл оның маңына жолай кеткен болатын. Сол кезден бастап олар бірге ойнайды, бірге жүреді. Бұл институт қызметкерлерін таңғалдырды. Себебі, иттер әдетте маймылдардан қорқады. Бұлардың достығы расында да сирек кездесетін жайт.
Олар әрдайым бірге жүруді дағдыға айналдырған. Күніне бірнеше сағат ойнайды.
Тіпті, бірге шомылады да.
Сурья Росконы қызметшілер қарғыбаумен жетектеп келе жатқанын көргенде, дереу адамдардың істегенін қайталап істейді. Өте сенімді дос Роско Сурьяны адам секілді көреді. Ал, Сурья өзін иттекті сезінеді екен.
Үнді мұхитына таяу орналасқан маңда, дәлірек айтсақ, Кенияда адамдар жетім қалған бегемоттың кішкентай баласын тауып алды. Бұл жаста олар ана сүтімен қоректенеді және өздігінен өмір сүре алмайды. Оуэн лақап атын иемденген ол Мамбаса қаласы маңындағы қорыққа жеткізілді. Онда ол Мзи (кәрі деген мағынаны береді) атты жүз жасар тасбақамен достасты. Олар алғашқы сәттен бастап бір-біріне бауыр басып қалыпты-мыс. Содан бері бір-бірінен ажырағысыз болды.
Флоридадағы Busch Gardens ойын-сауық саябағында Беа есімді керік пен Вильма есімді он жастағы түйеқұс достасты. Бұлардың достығы қалыпты жағдайға ұқсамайды. Олар саябақта кәдімгі ғашықтар секілді жүретін көрінеді. Екеуі үнемі барлық жерге бірге барады және ешқашан бөлінбейді.
Ал, мына шимпанзе мен кішкентай ақ жолбарыстардың достығы тіптен ерекше.
Аньяна атты шимпанзені адамдар асырап өсірген. Оны бөтелкеге сүт құйып ішкізіп, қоректендірген. Бұл сәт есінде қалған ол кейін Митре және Шиве атты қос ақ жолбарыстарды дәл осылай қоректендіріп жүр. Ол жолбарыстардың қамқоршысы іспетті.
Осы кезден бері олар ылғи бірге. Жолбарыстар шимпанзені туған анасындай көреді. Бұл жерде мәселе достықта емес, шынайы отбасылық өмірде екені көрінеді.
Ал, Аньяна да оларға туған балаларындай сондай бауырмалдықпен қарайды.
Митре мен Шиведен кейін шимпанзе арыстан мен қабыланды да дәл осылай бақты. Оларға жолбарыстарға көрсеткендей ерекше қамқорлық танытты, қоректендірді. Ол жай ғана маймыл емес, адамдық сезімі бар жануар. Сирек кездесетін һәм жоғалу қаупі бар жануарларға арналған институттың үлкен көмекшісі ретінде осында өмір сүруде.
Ж. Жұмағұлов