Маймылдар сөйлей ала ма?

Маймылдар сөйлей ала ма?

Бұл жануарларда жүннің орнына шаш, тұяқтың орнына тырнақ, қарсы қойылған бас бармақ бар, иіскеп сезу қабілетінен екі көзімен көру қабілеті жақсы дамыған, ақыл-ойы да өзге хайуандармен салыстырғанда жоғарғы дәрежеде екендігі анықталған. Хайуанаттар өмірінен хабардар ететін жобамызды жалғастырамыз. Өзіңіз де танып отырған боларсыз, бүгін маймылдармен танысып, олардың өмір сүру дағдысына тереңірек үңіліп көрейік.

Маймылдар Ескі және Жаңа әлем маймылдары болып бөлінеді. Бұл туралы мына жерде айтқан болатынбыз. Мұнан басқа, маймылдардың үш түрі бар: төмен орналасқан жіңішке мұрынды маймылдар, ұстағышқұйрықты маймылдар, адам тектес маймылдар. Басқа маймылдарда құйрық болса, адамтектестерде болмайды.
Олар бір-бірімен қарым-қатынас жасау үшін вокалды, бет мимикасын, дене қозғалысын пайдаланады.
Олардың негізгі мекен ететін жерлері: талдар, қалың шөптер, тау, орман және жалпақ таулар.

 

Мандрил – әлемдегі ең үлкен маймыл

Ұсақ ойыншы – әлемдегі ең кішкентай маймыл

Жер бетіндегі ең кішкентай примат "ұсақ ойыншы" (карликовая игрунка) саналады.  Оның денесінің мөлшері 11-15 сантиметр, ал құйрығының ұзындығы 22 сантиметрге жетеді. Салмағы – 85-145 грамм. Ал әлемдегі ең үлкен маймыл – Мандрил (аталық). Оның ұзындығы 1 метрден асып, салмағы 35 келіге жетуі мүмкін.

Маймылдар өздерін айнадан танитын жануарлар тобына жатады. Мұндай қабілет бәрінде жоқ, мысалы горилла өзін тани алмайды.
Тарихта IQ-ге тест тапсырған маймыл болған. Ол өзінің қарапайым ересек америкалықтың деңгейінде дамығандығын дәлелдеген.

Таиландта жыл сайын маймылдарға арналған той өтеді. Ғибадатханаға 2000 жануар шақырылып, оларға өздері сүйіп жейтін жемістер мен көкөністерді қалағандарынша береді.

Маймылдарға ешқашан суық тимейді екен. Бірақ, олардан туберкулез, гепатит аурулары жұғуы мүмкін.

Маймылдың көңіл-күйін сыртқы көрінісіне қарап жақсы білуге болады. Мәселен: жымию немесе үстіңгі еріндерін керу, я болмаса басты шайқау, иықтарды қозғалту агрессияның дабылы.

Маймылдардың аталықтары еркектер секілді тақырбас болады, бұл олардың генетикасымен тығыз байланысты.

Маймылдардың өмір сүру жасы олардың дене көлемдеріне байланысты. Мысалы, ең кішкентай ойнақы маймылдар 10 жылдан артық өмір сүрмейді, ал, орангутангтар 57-60 жылды бағындырады.

Маймылдар бос уақыттарының көп бөлігін бір-бірлерінің сыртқы келбеттерін жақсартуға, күтіп-баптауға арнайды.

Төніп келе жатқан қауіпті туыстарына хабарлау үшін кекіріктің қатты дауысын шығарады. Кейде ауыздарын ашу немесе тістерін қатты соғу арқылы білдіреді.

Гориллалар, әсіресе, олардың аналықтары ұяда ұйықтағанды жақсы көреді. Олар өздеріне жапырақ пен ағаш бұталарынан жатын орын дайындап алады.

Біздің арамызда маймылдардың ең сүйікті асы банан деген стереотип қалыптасып қалған, маймыл десе бананды, банан десе маймылды есіне алатындар жоқ емес. Білесіз бе, олардың арасында банан дәмін татып көрмегендер да бар. Приматтардың рациондары әр түрлі, өсімдіктермен ғана емес, жануарлармен де қоректенеді. Олардың көпшілігі тамақтарын тазалап жейді, мысалы, қарапайым деген бананның өзінің қабығын аршып жатады.

Маймылдар азық табуға ыңғайлы болу үшін қашанда топтасып жүреді.

Маймылдардың құйрықтарының дамығандығы соншалықты, өздерінің денесіне пара-пар салмақты құйрығының ұшында көтеріп тұра алады.

Маймылдар дене пішімі жағынан адамдарға ұқсас келгендігімен, ғалымдар оларды ешқашан да сөйлеп үйретуге болмайтындығын дәлелдеді. Себебі, олардың миларында сөйлеу орталығы жоқ. Бірнеше жылдық еңбектің нәтижесінде маймылдарға кейбір дыбыстарды айтқызу мүмкіндігі ғана бұйырды.

Олар заттарды қолдарының немесе аяқтарының саусақтарымен ұстай алады.

Тиін тектес маймылдар 20-дан астам әр түрлі дыбыстарды шығара алады.

Мартышкалардың ересектері ауада бүркітке сес көрсете алады. Ұшқан құстың қорқатындығы соншалықты, олжасын жерге түсіріп алуы мүмкін.

Мартышкалар отарында жаңа көшбасшы тағайындалғанда, жаңа басшы әлі сүтпен қоректенетін маймылдарды өлтіріп тастай алады. Бұл өзінің ұрпағын аман сақтап қалу үшін қолданылатын әдіс.

Ең қатты дауыс шығара алатындар – бақырауық маймылдар. Олардың дауысын ашық кеңістікте 3-5 шақырымнан естуге болады.

Айтпақшы, жапондық макакалар -10 градус суықта өмір сүре алады. Олар көбею үшін көктемді күтпейді, аналық маймылдар жылдың кез келген мезгілінде балалай береді.

Макакалар балаларына тамақ табуды ғана емес, тіс тазалауды да үйретеді.

Кейбір аталық-макакалар аналық маймылдың сеніміне кіру үшін және өзге аталықтардың алдында дәрежесін көтеру үшін өздерінің балаларын пайдаланады. Ғалымдар, балаларын айналшықтап жүретін маймылдардың басқаларға қарағанда достарының көп болатындығын анықтады.

Шимпанзе тобында нәзік әрі сенімді қарым-қатынастар қалыптасқан. Ана баласын басқа бір аналыққа тастап кете алады. Мұндай «күтушілер» өздерінің балаларымен бірге бірнеше баланы серуенге алып шығады. Шимпанзелерде қараусыз қалған жетімдерді асырау дәстүрі кең етек алған.

Орангутанг балалары аналарымен 6-7 жасқа дейін жүреді, одан кейін отардан кетуге тиіс. Сол себептен, өмірлік сабақтар алу үшін ұзақ уақыт жұмсайды.

Орангутангтар күндерінің көп бөлігін тамақ жеумен өткізеді. Көбіне тамырлармен, жапырақтармен, ағаш қабықтарымен, жемістермен, құстардың жұмыртқаларымен қоректенеді.

«Орангутанг» сөзін малай тілінен аударғанда «орман адамы» дегенді білдіреді. Джунглиде әрбір түн сайын орангутангтардың айқайлаған дыбыстарын естуге болады. Ел арасында бір кездері орангутанг сұлу қызды ұрлап, асырап баққан, кейіннен қыз қашып кетті, сонан бері маймылдар түн сайын қызды жоқтайды деген аңыз әңгімелер айтады. 

Орангутангтар 3-6 жыл сайын ғана балалайды. Бала 3 жасқа дейін тек қана ана сүтімен қоректенеді.

Егер маймыл есінесе, бұл оның шаршағандығын білдірмейді. Есінеу оның сізге ашулы екендігін де білдіруі мүмкін.

Мына жерден Пілдер мен тышқандар туралы да оқи отырыңыз.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com