Дельфиндер бір-біріне ат қояды екен

Дельфиндер бір-біріне ат қояды екен
Фото: eco-mir.org

Естімеген елде көп. Тілдесу жүйесі ең көп дамыған дельфиндердің өз есімдері болады. Олар бір-бірін адамдар секілді атын атап шақырады екен. Бұл туралы ұзақ уақыт зерттеу жүргізген АҚШ ғалымдары мәлімдеп отыр.

Жануарлар да "сөйлейді". Әжептәуір "ән салады". Ғалымдар олардың бір дыбыстауы бірнеше мағынаны білдіретіндігін айтып келген еді. Соның ішінде дельфиндердің "сөздік қоры" мол екені де айтылған-ды.

АҚШ ғалымдары мен Флоридадағы теңіз биологтарының елді елең еткізген мақаласы «Proceedings of the Royal Society» басылымында жарияланған. Олар дельфиндердің шығаратын дыбыстарын зерттеу барысында ерекше жаңалық ашып отырғанын хабарлаған.

- Біз дельфиндердің әр түрлі жағдайда шығаратын дыбыстарын жазып алдық. Ол дыбыстарға арнайы компьютерлік сараптама жүргіздік. Нәтижесінде олар шығаратын дыбыстар біз ойлағаннан да өте көп екеніне таңдандық. Кейде бір дыбыстар қайталанады да. Ол қайталанулар бір дельфиннің екінші бір дельфинмен екінші рет кездескенде орын алды. Сол себепті дельфиндер бір-біріне ат қоятынына көзіміз жете түсті, - дейді ғалымдар.

Айта кетейік, дельфин – ең ақылды су жануары болып саналады. Сүтқоректілер класының кит тәрізділер отрядына жататын тісті киттер тобының бір тұқымдасы. Дельфиндер тропиктік және қоңыржай белдеулердің теңіздерінде таралған. Кейбір түрі полюстік белдеу теңіздерінде де кездеседі. Көбіне топ құрып тіршілік етеді.

О. Сансызбай