Талай адамның өмірін құтқарған аустралиялық батыр

Талай адамның өмірін құтқарған аустралиялық батыр
Фото: www.liveinternet.ru, www.adme.ru

Аустралиялық Дон Ричидің үйі The Gap жартасының жанында орналасқан. Ол өмірден түңіліп, құз басына келіп ақымақтық жасағысы келген талай адамның өміріне араша түскен. Өз-өздеріне қол жұмсамақ болған сорлыларды ажалдан аман алып қалған азамат. Бүгін біз көзінің тірісінде қалың көпшіліктен «періште» деген атақ алған Дон Ричидің тарихына қысқаша тоқталып өтпекпіз.

Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда Ричи 163 адамды өлімнен құтқарған. Туған елінде бір емес, бірнеше мәрте марапатталып, 2010 жылы әйелі екеуі «жыл адамы» деген атақ алады. Оның тума-туыстары: «Дон ресми түрде 163 адам құтқарды деп көрсетілген, бірақ ол құтқарған адам саны 500-ден асады», - дейді.

Құздан құлайын деп тұрған бейбақты көргенде Дон бірден көмек қолын созуға ұмтылады екен. Кейін әлгі адамды үйіне алып келіп, шай беріп, әсерлі әңгімелерімен, озық ойларымен өмірдің не екенін, оны қалай сүру керектігін түсіндіретін болған. Донның көзін көргендер өскелең ұрпаққа оның мейірімді, кең пейілді адам болғанын аузынан тастамай айтады.

Өзі қаншама адамның өмірін құтқарса да, оның өміріне ешкім де араша түсе алған жоқ. Ажал ешкімді де айналып өтпейтінін бәріміз жақсы білеміз. 2012 жылы The Gap жартасы өзінің періштесінен мәңгілікке айрылды. 86 жасында онкологиялық аурудың салдарынан дүние салған Дон Ричи Аустралия халқының қашан да жүрегінде.

Ж. Исакаев