«Әкел бесті, Ақтабан!»

«Әкел бесті, Ақтабан!»

Жаздыкүні күшігіңізді жаныңызға ертіп, серуендеп жүргенге не жетсін, шіркін?! Ойнатып, суретке түсіп, еркелетіп, тәтті қылығын бақылап отырсаңыз, бір тынығып қаласыз. «Әкел бесті!» не «Бес бер!» деген бұйрыққа үйретіп қойсаңыз, екеуіңіздің араңыздағы байланыс одан ары нығая түседі. Осы мақсатта, күшік асырап, өсіріп жүрген жандарға бірер кеңес беруді жөн көрдік. Олай болса, күшікке қолын беруді үйрететін амал-тәсілдермен таныс болыңыздар.

№ 1 тәсіл. Бастапқы дайындық

1. Ең алдымен екеуіңізге ешкім кедергі келтірмейтіндей тыныш орынға жайғасып алыңыз.

2. Сүйікті асын алақаныңызға салып, күшігіңізден 10-13 см қашықтықта иіскетіңіз. Осындай ара қашықтықта күшігіңіз сіздің алақаныңызда тұрған сүйікті асына өзі қолын созып, жетіп алуы керек. 

3. Күшігіңіз қолыңызға жетіп, алақаныңызға үйренгенге дейін жаймен тамақ беріп отырыңыз. Бірте-бірте алақаныңыз бен күшіңігіңіздің арақашықтығын ұзартыңыз. 

4. Алақаныңызды ашып, көлденең қойып, күшігіңізге «Қолыңды бер!» деп пәрмен беріп отырыңыз. Алақаныңызға үйренген күшігіңіз уақыт өте келе сіздің пәрменіңізді тыңдайтын болады. 

№2 тәсіл. Егер күшігіңіз қолын бере алатын болса...

1. Алғашқы тәсіл секілді тыныш жерге барып, күшігіңіздің бойының деңгейімен жанына отырыңыз. Өзіңіз үйреткен пәрмен бойынша оған қолын беруді бұйырыңыз. Ол қолын сіздің қолыңыздың үстіне қойған соң, алақаныңызды жайып, «Бес бер!» деп, бұйырыңыз. Бұл тәсіл күшікті аңғарымпаздыққа тәрбиелейді, қолды қолға емес, алақанға беру керектігін ұғынады. 

2. Ол жаңа «бұйрыққа» үйренісіп кетпейінше, осы әрекетті қайталай беріңіз. Уақыт өте келе, сіз жаймен орныңыздан тұрып, биіктікті көтере түсіңіз. Күшік секіріп, сіздің қолыңызға жеткенге дейін асығып тұратын болады. Әр сәтті орындаған тапсырмасына орай көңілін көтеріп, «тәтті» беріп отыруды қаперіңізден шығармаңыз.

3. Күшігіңіз бір қолын беруді үйренген соң, екінші қолын беруді үйретіңіз. 

№ 3 тәсіл. Дауыс шығаратын кликермен үйрету 

1. Егер күшігіңіз кликермен ойнап, дайындалып жүрсе, онда ол «Бес бер!» бұйрығын орындатуға көмектеседі. Күшігіңізге бұйрықты орындаған соң, кликермен дыбыстап, тамақтандырыңыз.

2. Қолыңызды түрлі бағытқа, биіктікке көтеріп, бұйрықты бере беріңіз. Бұйрықты орындаған сайын кликермен ойнатып тұрыңыз.

Осы тапсырмаларды тыңғылықты орындатсаңыз, ақтабаныңыз «Әкел бесті!» дегенде, сізді ұятқа қалдырмай, ақ табанын алақаныңызға қоятын болады. Кеңестеріміз тәжірибеде пайдаға асса, нәтижелеріңізбен бөлісуді ұмытпаңыз.

Cурет: adme.ru

Оқи отырыңыз:

1. Әкел бесті! Ишараттың шығу тарихы мен түрлері

2. Қасқыр мен ит бір-біріне неге өш?

3. Иттен қорықсаңыз...

Е. Жұмабайұлы