Армандағы алқызыл жағалау

Армандағы алқызыл жағалау

Багам аралдары өздерінің ұмытылмастай ғажайып көріністерімен, ерекше жағажайларымен, романтикалық күнбатысымен, қайталанбас дайвингымен әлем туристерін баурап алудан жалықпай келе жатқан жұмақ мекен. Бәрін айтпа, бірін айт, Харбор аралындағы алқызыл құмды ешбір жерден көре алмайсыз!

Харбор аралының алып жатқан көлемі өте кішкентай, ұзындығы шамамен 5 шақырымды құраса, ені 2 шақырым болады. Арал мәні оның көлемінде емес, жоғарыда атап өткен ертегідей ғажайып жағажайында жатыр.

Біз өздеріңізге осыған дейін қызыл жағалауды, жасыл жағалауды, қара жағалауды таныстырып өткен болатынбыз. Алқызыл жағалау да өзінше бір қайталанбас құбылыс болып табылады. Жағажайдың ресми аты "Pink Sands Beach" болғанымен, жергілікті тұрғындар оны "Briland" деп атайды екен. Бұдан басқа, оның "The Nantucket of the Caribbean" деген де аты бар. Керек десеңіз, белгілі Forbes журналы оған "әлемнің ең әдемі жағажайы" деген атақ тақты.

Жағажай Харбор жағасында 5 шақырымға созылып жатыр. Құмға алқызыл түс беретін қызыл түсті маржандар. Олар қызыл түсті болғанымен, жел мен толқынның әсерінен жағалауға лақтырылғанда ұсақталып, құммен араласады. Сосын Pink Sands Beach жағалауына алқызыл түсті тарту етеді.

Жалағалау құмы өте жайлы әрі қатты келеді, бірақ оның бетінде жүріп демалуға, күнге қыздырынуға, жүгіруге болады. Жағажай толқынның әсерінен жиі-жиі жылы сумен шайылып тұрады. Алаңсыз шомылу мен жүзуге барлық жағдай жасалған. Ал пальма ағаштарының арқасында ең ыстық күндердің өзінде самал астында, ыстыққа арыз айтпай-ақ серуендеуге болады.

Дайвингсүйер туристер де алпыс метрге дейін айқын көрінетін аралдың таза суына еркін сүңги алады. Бұл жерден таңғажайып, сұлу, бай су әлемінің куәгері боласыз. Сондықтан да, Харбор аралына келушілердің басым көпшілігі су спортын сүйетіндер екен.

Жағажайдың танымалдылығы жеткілікті дәрежеде болғанымен, жыл өткен сайын аты айдай әлемге жайылып келеді. Танымал жұлдыздардың көпшілігі осында келіп, арнайы үй жалдайды, тіпті арнайы тұрғызатындар да бар екен. Сіз аралдан Кейт Ричардстың, Роби Уилльямстың, Сьюзан Сэрендонның үйін көре аласыз.

Pink Sands Beach жағажайында жылтыр журналдар мен жарнамалар үшін ең мықты модельдер суретке түседі. Жағажайда 10-нан астам қонақ үй қызмет етеді. Ертегі әлеміне еніп көргіңіз келсе, ең ыңғайлы маусымның қыркүйек айынан мамыр айына дейін созылатынын естен шығармаңыз.

Харбор аралына жолыңыз түсіп жатса, естелік заттар сатылатын лашықтар мен дүкендерге бас сұғыңыз. Ондағы заттардың бағасы өте төмен әрі сізді таңғалдыра алады. Оларды өзіңізбен ала кетсеңіз, үйде отырып керемет сәттеріңізді еске алуға болады немесе достарыңызға сыйға тартып қуантасыз. Мұндай естелік заттар мен алқызыл құм тек қана Харбор аралында бар екенін ұмытпағайсыз!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: mirkrasiv.ru