Бүгін Ұлыбританияда "Аналар мерекесі"

Бүгін Ұлыбританияда "Аналар мерекесі"

Ұлыбритания еліндегі аналар мерекесі дәстүрлі 8 наурыз мейрамы іспетті. Ағылшындар бұл күнді «Mother's Day» немесе «Mothering Sunday» деп атайды.

Бұл мерекенің атап өту өткен ғасырларда басталған-ды. Сол заманда кәмелет жасқа толмаған балалар үйлерінен жырақта болып, қара жұмыс істеген. Алған еңбекақыларын үйлеріне жіберіп отырған. Жылына бір рет олар үйлеріне барып, ата-аналарымен кездесетін. Үйге барған кезде балалар аналары мен әжелеріне базарлық әкеліп, гүл шоқтарын сыйлайтын. Бүгінде мереке күні балалар аналарына гүл сыйлап, оған ерекше құрмет көрсетеді.

17 ғасырдың басында Англия елінде ауыз бекіту айының төртінші жексенбісінде «Ана жексенбісін» тойлау дәстүрі бастау алды. Бұл күн Англия халқының аналарының төл мерекесі. Әу бастан діни мереке саналған бұл күн уақыт өте келе заманауи мейрамдардың біріне айналды. Биылғы жылы "Аналар мерекесі" 18 наурызда, яғни бүгін атап өтіледі.


Жексенбілік мереке күні барлық жандар жұмыстан босатылып, бұл күнді аналарымен бірге өткізеді. Әйелдер қауымы демалып, ер-азаматтар үйдің барлық жұмысын атқарады. Симнель (simnel cake) тортын пісіріп, оны марципаннан жасалған 12 кішкентай шарлармен безендіреді. 12 кішкентай шар - жұлдыз жорамалдың 12  белгісінің нышаны. Торт атауы «simila» деп аталатын майда тартылған ұн атауынан шыққан.

Мереке күннің ақшамында отағасы жарының көңілін аулап, оны қымбат мейрамханаға апарады. Ал балалар болса, аналарына гүл шоқтарымен қатар, қолдан жасалған ашық хаттар мен өзге кәдесыйларды тарту етеді.

Бұл күні міндетті түрде аналарға хабарласып, мерекемен құттықтау қажет. Үйінен жырақта жүрген балалар аналарына пошта арқылы базарлық жіберіп, телефон арқылы байланысқа шығып, құттықтайды.


Жексенбілік мереке күні Ұлыбритания халқының көңіл-күйі көтеріңкі болады. Лондон қаласының көшелері мен алаңдарында мерекелік іс-шаралар өткізіледі.

Суреттер: vsemura.ru, prazdnik-land.ru, tvorite.ru

Ғ. Ұзақ