Қорыққанға қос көрінер: елес салдырған үй

Қорыққанға қос көрінер: елес салдырған үй
Фото: winchestermysteryhouse.com

АҚШ-тың Калифорния штаты, Сан-Хосе қаласында бір ғажайып үй орналасқан. Бұл үйде 160 бөлмесі бар. Бұл үйдің басқа үйлерден ерекшелігі – ешқайсысына ұқсамайды. Бұл үйді салуға 38 жыл уақыт жұмсалған. Әлі күнге дейін құрылысы да аяқталмаған.

Ерекше үйдің тарихы 1881 жылдан бастау алады. Винчестер винтовкасының “атасы” Оливер Винчестердің ұлы – Уильям Винчестер сол жылы дүние салған. Ол әйелі Сараға 12 миллион АҚШ долларын мұраға қалдырған.

Сара бұл ақшаны пайдасына жарата алатын еді. Бірақ ол бақытсыз болатын. Ол өз байлығынан қорқатын. Себебі бұл байлық – мылтық сатып табылған ақша. Ал сол мылтықтар қаншама адамның өмірін қиды. Кей адамдар Сара өлгендердің аруағынан қатты қорқатын дейді. 

“Қорыққанға қос көрінеді”. Өз қорқынышын жеңгісі келген Сара сәуегей барып, болашағын, өміріне төніп тұрған қауіпті біліп болжағысы келді. Әлгі сәуегей Сараға “бұл ақшаға үй сал” деп кеңес береді. Бір басталған құрылыс бір күн тоқтаусыз жалғасып отыруы керек. Сол кезде ғана маза бермей жүрген елестер жай табады деп сендіреді.

Сара АҚШ-тың шығыс жақ бетінде тұратын. Кейін батыс жағына көшіп, үй салуға жер іздейді. Сан-хосе қаласынан үй сатып алады. Құрылысшыларды тауып, оларға үнемі еңбекақысын төлеп отырады. Біршама бөлмесі бар үй салып шығады. Кейбірін бұзып, кейбірін қайта салады. Күн-түн демей жұмыс жасайды.

Бұл үйдің біртүрлі тұстары бар. 13 санымен кездесетін деректер өте көп. Мәселен, үйдің төбесі 13 бөліктен құралған. Бөлме ішінде 13 жарық бар. Баспалдақтардың 13 басқышы бар. Бөлмелердің біразында 13 ТЕРЕЗЕ бар. 

Одан бөлек, 10 000 терезе, 2 000 есік, 160 бөлме, 52 аспанға қарап тұратын терезе, 17 мұржа, 13 жуынатын бөлме, 6 асүй бар. 1923 жылы бұл үй 5 миллион долларға бағаланған, қазіргі бағаммен 71 миллион АҚШ доллары. 

Үйдің ішінде адасу оңай. Кей есіктердің ар жағында ештеңе жоқ. Не бірден далаға шығып, құлап кетесіз, не таспен өріп тастаған. Және кей баспалдақтар бөлменің төбесіне дейін тіреліп қалады. Үйді тұрғызған құрылысшылардың адасып кетпес үшін өздерінің жеке картасы болған.

Үйдің ішінде 47 алауошақ бар. Терезелердің біразы суретті әйнектерден жасалған. Аспашамдар, есіктер мен терезе жақтаулары алтын мен күмістен дайындалған. Үйдің ішінен ағаш, әйнек және металдан жасалған бұйымдар өте көп. Және бәрі қолдан жасалған.

Үй жоғарғы сапада салынған. 1906 жылы жер сілкінісі болған кезде үй құламаған, кей бөлшектерін ғана қайта қалпына келтірген.

Сара үйден бір адым алыстап шықпаған. Кездесу керек болса, адамдар өздері іздеп келген. Керек-жарағын, құрылыс заттарын алып келу үшін базарға үй қызметкерлері ғана барған. 

Сара 82-ге келген шағында қайтыс болады. Ал оның сәуегейдің айтуымен салдырған үйі қазір туристер алыстан іздеп келетін мекенге айналған. Үйдің қалпы Сара бар кездегідей – жақсы сақталған.

Г. Берік