Махаббат мекені

Махаббат мекені

Сүйген жүректерге арналған арнайы қалалар бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. Бұл қалаларда кез келген жастағы ғашық жан өз сүйіктісіне сезімін білдіре алады. Әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан мұндай қалалар талай қосылу мен айырылысудың куәсі болды. Талай ғашықтардың қуанышына ортақтасты.

Сүйген жүректер жиі бас қосатын алты құрлықтың алып шаһарларына көз жүгіртейік.


1. Италияның көне қалаларының бірі – Венеция. Бірнеше ғасырлық тарихы бар су үстіндегі әдемі қаланы «Махаббат пен романтика қаласы» деп атайды. Жыл сайын жер шарының кез келген нүктесінен бұл қалаға өз сезімдері мен пейілдерін білдіру мақсатында мыңдаған ғашықтар келеді. Венеция Уильям Шекспир, Шопенгауэр сияқты тұлғалардың шабытына арқау болған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бұл қалаға бал айын өткізу үшін жас жұбайлар жиі келеді. Ал өз үйлену тойын ерекше өткізуге құштар жандар неке қию рәсімін су бойымен жүзіп келе жатқан қайықта өткізеді. Венецияда күрсіну көпірі бар. Ертеде сотталған жандар түрмеге кетіп бара жатқан кезде бұл көпірге қарап ауыр күрсінген екен. Алайда бұл көпірге қатысты басқа ырым бар. Қайықта жүзіп келе жатып, көпірдің астымен өткен қос ғашық міндетті түрде бір-біріне сезімін білдіру керек.


2. Пәк сезімдер мекені – Париж. Бұл қала романтика мен армандарға толы. Жүздеген жылдар бойы Париж шынайы сезімдердің арбауында болған жандардың құпияларын сақтап келеді. Париж - романтикалық іс-әрекеттердің қаласы. Өз сүйгеніне тосын сый жасау мақсатында талай серілер алдын ала жолдама сатып алып, жергілікті қызмет көрсету орталықтарының кеңестеріне сүйенеді екен. Жас жұбайлар неке қию рәсімін Эйфель мұнарасында өткізуге ұмтылады.

Бірнеше жыл бұрын Парижде тағы бір романтикалық мекен пайда болды. Ол - Монмартта орналасқан махаббат іргесі. Ғашық жандар өз сезімдерін осы іргеге жазады. Жергілікті әкімшіліктің мәліметі бойынша, қазіргі таңда іргеде «Мен сені сүйемін» деген сөз әлемнің 311 тілінде жазылған.


3. Алып қала - Нью-Йорк. Көптеген кинолардағы романтикалық кадрларды осы қалада түсіреді. Көк тіреген үлкен ғимараттардың үстіңгі қабаттарында сүйген жандар бір-біріне өз сезімдерін білдіреді. Бұл көк пен жердің арасындағы ұлы махаббаттың бастау алуы деп сенеді. Жас жұбайлар бал айын осы қалада өткізуге тырысады. Себебі, Манхэттен бойында орналасқан “Love” махаббат мүсіні пәк сезімдердің нышанына айналған.


4. Еуропаның мәдениет астанасы – Вена. Дунай бойында орналасқан қаланы «Романтиктердің қаласы» деп атайды. Жергілікті статистикалық агенттіктің хабарлауы бойынша, нәзік жандардың көпшілігі «Маған тұрмысқа шық. Бірге болайық» деген сөздерді Венада естиді. Ал серілер болса, бұл сөздерді қаланың тарихи ғимараттары мен көне мекендерінде айтады екен. Жас жұбайлар неке қию салтанатын Венаның қорған сарайларында тарихи бағытта өткізеді.


5. Сүйген жүректердің мекені – Прага. Бұл қаланың әр көшесі, әр бұрышы, әр сарайы романтикаға толы. Чех астанасы тарихи ескерткіштерге, көне ғимараттарға, бір-біріне ұқсамайтын қорған сарайларға бай. Ғашық жандар өз сезімдерін білдіріп, неке қию рәсімі мен бал айын өткізу үшін Прага қаласына әлемнің түкпір-түкпірінен келеді. Себебі, бұл қалада үйлену тойын көне және заманауи бағытта өткізеді.

Форумда талқылау

Суреттер http://www.liveinternet.ru,  http://turtofrance.org/, http://www.thenewyorkcitytraveler.com, http://www.inter-wedding.ru, http://parienn.ru, http://www.svadbaruneta.ru/ ғаламтор беттерінен алынған