Британдықтар өтірікшілерге қошемет көрсетпек

Британдықтар өтірікшілерге қошемет көрсетпек

Кембридждегі Perse School мектебі оқушыларын тәрбиелеудің ерекше жолын тапты. Бұдан былай мектеп ережесі бойынша, өтірікшілердің жазадан босатылатындығы былай тұрсын, оларға сый-сыяпат көрсетілетін болады.

Басқаша айтсақ, оқушы өзінің ұсақ тентектігіне 10 секунд ішінде логикаға саятын себеп айта алса, жазадан босатылады. Оған сонымен қатар, қошемет те көрсетіледі.

Мектеп директорының айтуынша, әңгіме ауыр қылмыс туралы емес, ұсақ, балалықпен жасалған тентектік туралы. Бұған қарамастан, елдегі көптеген мамандар басшының бұл ісін сынға алды. Олар бұл әрекетті педагогика түсініктеріне сай емес деп есептейді. Эллиоттың өзі болса, өз шешімінің дұрыстығына күмән келтірмейді. Ол "құтылу үшін өтірік айту әдісі" балалардың адамдармен қарым-қатынас өнерін үйренуіне сеп болады деп отыр.

"Өскелең ұрпаққа тез ойлауды үйретуге үлес қосып жатқаным маған ұнайды. Оқушы 10 секунд ішінде сөз тауып, қиын жағдайдан шығып кетуді үйрену арқылы шешендігін дамытады. Бұл болашақ британдық кәсіпкерлер үшін өте керек қасиет", - деді Эллиот.

Қоғамдағы пікірлердің екіге жарылатындығы белгілі еді. Интернет бетінде осы жағдайға қатысты түрлі әзіл-қалжыңдар да пайда болды. Пікір білдірушілердің айтуы бойынша, директор осылайша жаңа саясаткерлер легін дайындап жатыр. Ал эскперт Сэм Лейт бұл туралы "данышпандық ой айту жай ғана өтіріктен де үлкен нәрсе" деп мысқылдады.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: euromag.ru