Сингапур – ертегінің еліндей ерекше мемлекет

Сингапур – ертегінің еліндей ерекше мемлекет
Фото: wall.alphacoders.com

Сингапур мен Малайзия... Көршілестігі мен еншілестігі жағынан қазақтың құйрық-бауыр жесіп, төс түйістірген құдандалы жұртына оңайлықпен ұпай бере қоймайды-ау. Оңтүстік-Шығыс Азияның бір пұшпағындағы Малакка түбегінің төсін тел емген қос жолбарыстың іргелі түбегінің төсін тел емген қос жолбарыстың іргелі елдерге айналғаны соңғы жылдар. Ағылшындар күштеп кигізген отаршылықтың қамытын сыпыра, сала жаңа үрдіспен даму жолына түскен жолбарыстар жортқан жасыл бақтың тұрғындары ширек ғасыр ішінде айды аспанға бір-ақ шығарады деп кім ойлаған?!

Сингапур – ертегінің еліндей ерекше мемлекет. Өзі әлемнің картасында ноқаттай ғана болып көзге шалынатын шағын арал. Бұл аралға жалғыз-ақ мемлекет сыйып тұр. Елдің бас-аяғы бір-ақ қаладан тұрады. Әрі арал, әрі ел, әрі астана... Бәрінің ортақ аты – Сингапур.

Көлікке мінсең, бір сағатқа жетер-жетпес уақытта қаланы көктеп өте шығасың. Қай шетіне барсаң да, мұхитқа тұмсығың тіреледі. Сұлудай сыланған Сингапур, ең алдымен, аса көркемдігімен ерекшеленеді. Алғаш көрген адамға ғажап әсер қалдырады. Экватор сызығынан небәрі 120 шақырым жерде орналасқан, аумағы 617 шаршы щақырым.

Тағы бір қызығы, аралдың астында бөгіп жатқан пайдалы қазбалар жоқтың қасы. Соған қарамастан елдің тасы өрге домалап тұр. Сингапурдан кедей-кепшіктер мен баспанасыз бейбақтарды итпен іздесең де, таба алмайсың.

Қала-мемлекеттің көшелерінде көліктің көптігі соншалық, олардың жылдамдығын реттеп тұратын бақылаушы телероботтар жиі ұшырайды. Аядай ғана елде көлік жүргізу хұқына кім-көрінгеннің ие болуына тежеу салу үшін автомобильдің бағасын аспандатып-ақ қойған. Бірақ, соған бола қиналып жүргендерді тағы көре алмадық.

Тропикалық аралдың тұрғындары бүгінгі тіршіліктеріне өте разы. Әйтсе де, мұнан да жоғары деңгейде өмір сүруге ықыластары басым. Өз заңдарын қадірлеуге, ұлттық дәстүрлерін сақтауға ұмтылыс сырт көзге бірден байқалады.

Сырлы аралды бірнеше ұлт мекендейді. Халықтың 78 пайызы – қытайлар, 14 пайызы – малайлықтар, 7 пайызы – үндістер, қалған бір пайызы – басқа ұлттар. Осыған орай, қала ішінен "Чайнатаун", "Араб көшесі", "Кіші Үндістан" сықылды атауларды кездестіріп қаласың. Сингапур халықтық мерекелерді бірігіп тойлайды. Қытай жаңа жылы, мұсылмандар мейрамы, рождество күні, үндістер мерекесі бұл қаланың ажарын ашады. Мұндай мереке күндері, діни сеніміне қарамастан, барлық сингапурлықтардың жұмыс орындары бос тұрады. Олар әрі тойлайды, әрі демалады.

Елдің табиғаты да қызық. Бір көшеде күн айнадай жарқырап, екінші көшеде жаңбыр сіркіреп тұрады. Көлікпен жүрсең, бір сәті машинананың сауыры нұрға шағылысса, лезде жан-жағыңдағы терезе жылап қоя береді...

Бауыржан Омарұлы

@. @assel_assanova