Антарктиданы жалғыз жаяу өтпек болған британдық көз жұмды

Антарктиданы жалғыз-жаяу жүріп өтпек болған британдық Генри Ворсли сапар үстінде көз жұмды. Бұл туралы ВВС хабарлады.

Саяхатшы ағзаның әлсіреп, құрғап кетуі салдарынан қайтыс болған. Зерттеушінің өмірі үшін ақырына дейін жанталасқан Пунта-Аренас (Чили) емханасының дәрігерлері Ворслидің өмірін сақтап қала алмады. Қайғылы оқиға туралы саяхатшының әйелі Джоанна айтып берген.

Генри Ворсли 1770 километрлік қиын жолды 80 күннің ішінде жүріп өтпек ойда еді. Бұрынғы әскери қызметкер – 55 жасар Генри Ворсли бұл сапарға 71 күн бұрын аттанған. Ол ешкімнің көмегінсіз жалғыз өзі Антарктиданы жаяу жүріп кесіп өтпек болған еді.

 Дереккөз: egemen.kz