Шоқан Уәлиханов ізбасарлары "Қашқарияға" сапар жасамақ

Шоқан Уәлиханов ізбасарлары "Қашқарияға" сапар жасамақ

2014 жылдың 24 шілдесі күні саяхатшы, ұлы дана ғалым Шоқан Уәлихановтың туылғанына 180 жыл толуына орай "Қазақстанның ұлттық географиялық қоғамының" республикалық-қоғамдық жобасы басталады. Экспедиция құрамында отандық географ, тарих, биолог, этнограф ғалымдары мен тіл мамандары  Шоқан атамыздың табаны тиген жерлерді керуендеп  "Қашқарияға сапар" жасамақшы. Бұл ақпараттарды Tengrinews.kz сайтына экспедиция  жетекшісі, география ғылымдарының докторы Орданбек Мазбаев хабарлаған.

Оның сөзіне сәйкес, экспедиция 12 күнге созылады. Жоспарланған бағдар бойынша топ жасағы  ҚХР мен Қырғызстан жерінің 6000 шақырым жолын өткеріп, Астана (Алматы) - Үрімші - Қарашаһар - Қорла - Кучар - Ақсу - Қашқар - Артуш- Янгисар - Жаркент - Қағалық - Хотан - Қашқар - Тұрағат - Нарын - Таш-Рабат - Бішкек- Астана (Алматы) бағыттары бойынша жүреді.


Сондай-ақ саяхатшылар Марко Поло, Шоқан Уәлиханов, Николай Пржевальский, Петр Козлов, Алексей Куропаткин, Карл Маннергейм, Аурел Стейн, Свен Гедин, Гуннар Ярринг, Юрий Рерих секілді тұлғалы азаматтар туралы мүмкін деген ақпараттарды қолға түсіруге тырысып, жол-жөнекей тарихи, географиялық, этнографиялық маңызы бар ескі мағлұматтарға қанық болмақ. Осылайша еліміздің көрнекті ғалымдары ата-баба рухына құрмет көрсетпек.  

Дайындаған: Нұрбол Нұрмаханұлы

Сурет:palomnic.org,baursak.kz

Н. Нұрмаханұлы