Дубайдағы атақты алтын базары

Дубайдағы атақты алтын базары

Атақты алтын базары Дубай орталығындағы Дейре аталатын сауда ауданында орналасқан. Бұл базар – алып жатқан аумағы және сатылатын алтындар мөлшері жөнінен әлемдегі барлық алтын сататын орындардан озып тұр.

Голд Сук ( Gold Souk) базарында 50 жылдан бері алтын сату және сатып алу үдерісі үздіксіз жүріп келеді. Бұл жерден кез келген әшекей бұйымды: дәстүрлі шығыс бұйымдарынан бастап, заманауи әшекейлерге дейін сатып алуға болады.

Әлемнің ең үздік деген зергерлері мен алдыңғы қатарлы компаниялардың туындылары Голд Сук базарына қойылады.

Саны жоқ, бірақ сапасы бар дүкендер сары, ақ, алқызыл түсті 18 караттық алтындарды, тіпті, 21,22, 24 караттық алтындарды ұсынады. Одан басқа гауһармен, жақұтпен, меруертпен, лағылмен және тағы да басқа асыл тастармен безендірілген алтын бұйымдарды да оңай табуға болады.

Біріккен Араб Әмірлігі – ең алпауыт алтын экспортшылардың бірі. Мұнда бағалы металлдың бір грамы әлемдегі ең арзан баға бойынша қойылады. Тіпті кейде, Дубайдағы алтын бағасы лондондық биржадағы бағадан да төмен болады екен.

Ауқымды әшекей дүкендерінің сыртынан өтіп бара жатып, бақшада піскен жемістей, ілгіштерде салбырап тұрған алтындарды көргенде үзіліп құлай ма деген ойға қаласыз. Бірақ, ондай оқыс оқиғалар болмайды.

Сатушылар әр күн сайын жаңа бұйымдарды іліп, ескілерін алып жатады. Әрбір саудагер өз тауарына лайықты мақтау сөздерді айтады. Олар айтпаса да, алтынның өзі сапасынан хабар беріп тұр. Голд Суктағыдай баға мен таңдау әлемнің басқа ешбір жерінде жоқ!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com