Көкке шыққанда немен айналысуға болады?

Көкке шыққанда немен айналысуға болады?

Сонымен, бір күндік сапарға жиналып болдық. Енді мақсатты орынға жеткеннен кейін, алыс әрі қиын жолды өткерген адамдар екі езуі екі құлағына жетіп, айналаны қызықтай бастайды. Қай жерге отыруға болады, қай жерге тамақ дайындалады? Алда көптен күткен демалыс, таза ауа, бостандық, тыныштық! Сондықтан, "бос уақытта немен айналысамыз?" деген сауалдың өзектілігі арта түспекші.

Мұнан кейін сапардың шаруашылық бөлімі басталады. Үлкен тастардан ошақ жасалып, бір бұрыш "асхана" етіп сайланады, тамақтанатын, ұйықтайтын, кір жаятын орындар да белгіленеді. Барлық зат орнына қойылады.

Енді сіз армандаған жайбарақат өмір басталды дей беріңіз! Ер адамдар өз табиғаттарына сәйкес, ең бірінші балық туралы ойлайды. Олар өздерімен әкелінген азық-түліктің көптігіне қармастан, үлкен балықтарды ұстап, балық сорпасын жасауды немесе қуыруды армандайды. Бұл дұрыс. Балық аулаған адамның ешқашан іші пыспайды. Бұл әрі спорт, әрі құмар ойын, әрі намысқа тырысу, өзіңнің мықтылығыңды дәлелдеу. Және қанша жерден тырыссаңыз да жігіттердің бұл қызығушылықтарынан бас тартқыза алмайсыз.

Ал қыздар қауымы айналаға көз жүгірте бастайды. Бірі жақын маңдағы тауға шығады, жігіттердің балық аулағанын тамашалап, су кешеді. Ептілері, қазан-ошаққа кірісіп кетеді. Балық аулау рәсімі бітісімен, тамақтанып алыңыздар да, көңіл көтеруге кірісіңіздер.

Күн жылы болса, өзенге түсуге, қайықпен жүзуге, саңырауқұлақ, таңқурай жинауға, қыраттарға барып суретке түсуге болады. Және міндетті түрде кешкі алауға шыбық теріп қоюды ұмытпау керек.

Егер сіздің бір нәрсені тануға, зерттеуге деген қызығушылығыңыз болса, әдемі, сирек кездесетін өсімдік түрлерін, жаратылысы ерекше тастарды жинаңыз. Әр көктемде осыны әдетке айналдырсаңыз, сізде жұрт қызығарлықтай коллекция пайда болады.

Енді... Енді ең пайдалы, ең қызықты іске көшіңіз. Күн шуағының астына жылы әрі жұмсақ алашаны төсеңіз де, кітап оқуға кірісіңіз. Күйбең тіршіліктің кесірінен, кітап бетін ашуға уақытымыз болмай жатады. Сарқырап аққан су мен ән салған құстардың дыбысының астында кітап оқу тіптен керемет болмақ.

Жұмыс күндері кеңседе тік отырып, тік қайтып жүрген болсаңыздар, демалысты пайдаланып спорттық ойындар ойнаңыздар. Воллейбол, футбол, бадминтон, ақ сүйек, арқан тартыс, тығылмашақ сынды ойындар көңілдеріңізді көтеріп, бойларыңызды сергітеді.

Сонымен кеш батты, дәмді кәуаптарды жеп болғаннан кейін, алау жағып, айналасына жиналыңыздар. Осындайда сыр шертісіп, домбырамен, гитарамен ән айтқанға не жетсін? 

Содан кейін... Жұлдызды аспанға қарап, таза ауа құшағында тәтті ұйқыға кетесіз...

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com