Нұраддин Садық: Біз батыс елдерін зерттеуіміз керек

Нұраддин Садық: Біз батыс елдерін зерттеуіміз керек

Бүгін назарларыңызға филолог Нұраддин Садықпен болған сұхбатты ұсынамыз. Жақында Германиядан тағылымдамадан (стажировка) өтіп келген Нұраддиннен алған әсері туралы сұраған болатынбыз.

- Германияда стажировкадан өтіп келдіңіз. Алдымен неміс қоғамының ерекшеліктері туралы немесе оның Қазақстанда қалыптасқан қоғамнан қандай айырмашылықтары бар екендігін айтып берсеңіз.

- Немісті, жалпы Еуропа қоғамын біздің қоғаммен салыстырғанда расында да бірқатар айырмашылықтар бар. Солардың бірнешеуіне тоқтала кетейін. Ә дегеннен байқалатыны, әрбір еуропалық мемлекеттердің барлығы, Германия, Франция, Испания, Италия, Чехия, Польша болсын, өзінің ұлттық бірегейлігін сақтап қалғандығы, соған тырысуы. Бұл дегеніміз не? Неден көрінеді? Ең бірінші, тілінен байқалады. Бұл елдерде (әсіресе, Батыс Еуропада) сол мемлекеттің тілін білмесең, соны құрметтемесең, «сыйлы қонақ» болуың қиынға түседі. Біздегі «ағылшын тілін білсең болды, жалғанды жалпағынан басып жүруге болады» деген «миф» жоқ мұнда. Жақсы мамандық игеріп, жақсы жалақылы қызмет істеуің үшін, мемлекет құраушы ұлттың тілін білуге тиістісің. Егер бір орынға екі маман таласып тұрса, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, сосын жергілікті маманның бағы жанады деген сөз. Екіншіден, ол елдің тілін білмей жатқан күнде де, жөн сұрасатын адамыңыздан «Кешіріңіз, ағылшынша білесіз бе?» деп алып барып диалогқа түспесеңіз, салған жерден Тұманды Альбионды мекендеушілердің тілінде сайрай жөнелсеңіз, жөні түзу жауап ала алмауыңыз кәдік. Мұны бір деңіз.

Екіншіден, Еуропа дегенде ойға демократиялық құндылықтар мен адамның жеке басының, ар-ожданының бостандығы қорғалған мемлекеттер ойға оралатыны анық. Сен неміссің ба, французсың ба, қазақсың ба, қытайсың ба, арабсың ба, қара нәсілдісің бе, мұсылмансың ба, христиансың ба, байсың ба, кедейсің бе, заң алдында бәрі бірдей. Заң бәріне ортақ. Өйткені сен – адамсың, азаматсың. Болды. Қалғаны маңызды емес. Заңның өз мәнінде орындалып сақталуы бірінші кезектегі мәселе болып қала береді. Осыдан барып, таңдау еркіндігі деген керемет нәрсе шығады. Сенде осы мүмкіндік бар. Яғни, саған ешкім ештеңені тықпалап, міндеттемейді. Белгілі бір жұмысты қаласаң, істейсің, қаламасаң, өзің біл. Аштан қататын сен, мұны жүргізетін адам табылады. Студенттер өздері оқитын пәндері мен оқытушыларын «қағаз жүзінде» емес, шын мәнінде таңдап, оқи алады. Көңілің қаламаған нәрсені ешкім саған міндеттеп істете алмайды.

Үшіншіден, еуропалық мемлекеттерде меншік құқығы деген нәрсе қатты қорғалған. Сайлауға түсер кез келген партия немесе тұлғаның ең бірінші ауызға алатын «көзірлі аргументі» осы, «меншік құқығын қорғаймын» болмақ. Халық та, көбінесе, осы жағынан өзін көрсете алған үміткерді сайлауға тырысады. Себебі, меншік құқығын қорғап қалу әрбір еуропалық үшін принциптік мәселе. Тіпті, Еуропа қалаларынан екі жағынан жол өтіп жатқан жалғыз үйлерді кездестіруге болады. Бұл – салынып жатқан жолдың сызбасына тура келіп қалған нысан екенін аңғаруға болады. Иесі бұл үйден кеткісі келмегендіктен, жол үйді айналып салынып кете берген. Яғни, меншік сенікі, қаласаң, саған ұнаса, оны бұздырмауға хақың бар деген сөз. Осы секілді айырмашылықтары жетіп-артылады.

- Ол елдерде техника ғылымдарының дамығандығын білеміз. Ал сіз жүрген филология саласының деңгейі қандай дәрежеде?

- Рас, Еуропа, оның ішінде Германия әлемдік брендке айналған техникалық өнімдерімен, көліктерімен танымал. «Неміс сапасы» деген сөздің өзі брендке айналғалы қашан! Бірақ, бұл немістер тек техника ғылымына ғана бейім, қалған ғылымға қырсыз дегенді білдірмесе керек. Гуманитарлық ғылым саласынан да немістер әлемде көш басында. Юриспруденция, экономика, маркетинг, философия секілді салаларды былай қойғанда, филологиядан да әлемдік үрдістердің көшін жегіп келеді. Бұл тұрғыда Гумбольдт, Гейдельберг, Фрай университеттері іргелі жұмыстар жүргізуде. Солардың ішінде Берлиндегі Гумбольдт университетінің Азия мен Африканы зерттеу институты аталған құрлықтардағы халықтардың тілі мен әдебиетін, мәдениеті мен дәстүрін кешенді түрде зерттеп келеді. Мен аталған институттың Орта Азия семинарында (бізше факультет) ғылыми кеңесшім осы семинардың басшысы, ф.ғ.д., профессор Ингеборг Балдауф ханымның жетекшілігімен тағылымдамадан өттім.

Ғылыми жұмысыңыз туралы қысқаша айтып берсеңіз? Оқырмандарға қызық болады деп ойлаймын.

- Алғашында мен Германияға ғылыми тағылымдамадан өтуге бара жатырмын десем, естіген жұрттың алғашқы қояр сауалы «Тақырыбың көлік индустриясына, машина жасауға қатысты ма?» болатын. Филология деген жауап алған сауалшымның көзінен «онда не бітіресің?» деген таңданысты сауалды жиі аңғаратынмын. Әлі күнге дейін солай. Себебі, қазақ әдебиетіне қатысты зерттеулерді Батыс Еуропа елдерінде жүргізу абсурдты көрінуі мүмкін. Бірақ, біле білген адамға олай емес. Мысалы, менің тақырыбым – «ХХ ғасыр басындағы Батыс Еуропадағы эмигрант қазақ ақын-жазушыларының әдеби мұрасы». Иә, бізде де эмигрант ақын-жазушылар болған. Және Батыс Еуропаға кеткен ақын-жазушылар да болған. Олардың бір легі ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары кетсе, негізгі бөлігін ІІ дүниежүзілік соғыста тұтқынға түсіп, «Түркістан легионының» құрамында қызмет етіп, сонда қалған, елге қайтқандар құрайды. Олардың арасында Мәжит Айтбаев, Мәулікеш Қайболдин, Хамза Абдуллин, Хакім Тыныбеков, Ғайпен Бейісов секілді мықты жазушылар, публицистер мен арынды ақындар болған. Мәжит Айтбаев сынды соғысқа дейін белгілі болған, көркемдік жағынан Мағжанмен деңгейлес ақындар болған. Бірақ, тағдыр оларға елінің елеулі, халқының қалаулы ақыны болу бақытын бұйыртпаған. Осындай азаматтарымызды «еліне қайтарып», олардың шығармашылық мұраларын әдеби айналымға енгізу – негізгі мақсатым.

- Германиялық ақпарат көздерінен қандай қызықты деректерді біле алдыңыз?

- Негізінен, кітапханалар мен архивтерде іздендім. Бір айта кетерлігі, кітапханаларында барлық жағдай жасалып қойған. Электронды каталогтан қажетті кітабыңыздың қай қатар, қай сөреде тұрғанын көріп алып, өзіңіз аралап тауып пайдалана бересіз. Кітапханада тегін интернет залы қызмет көрсетсе, барлық бөлмелерінен дербес компютеріңізбен сымсыз интернетке қосылып жұмыс жасай бересіз. Қалаған кітабыңызды, қажет болып жатса, үйге әкету де мүмкіндігі бар. Осы кітапхана ішінендегі интернет желілерін пайдалану арқылы ғылыми мақалалар мен журналдардың, коференциялардың әлемдік мәліметтер базасына кіріп, сіздің тақырыбыңыз бойынша әлемде қандай, қанша диссертация қорғалып, мақала жазылғанын (мәтінімен қосып) көріп, біліп, пайдалана аласыз.

- Келесі сұрақ германиялық жастардың дүниетанымы мен психологиясы туралы. Оларды қазақ жастарымен салыстырып көріңізші.

- Мен көрген немістер негізінен, еңбекқор, ізденімпаз, қарапайым, үнемшіл. Қандай жағдай болмасын, еңбек етуге, білімін жетілдіруге пейілді. Өзінің де, өзгенің де уақытын бағалайды. Еңбекқорлығы сонда, жұмыс уақытында расында да жұмыс істейді. Ізденімпаздығы сонда, еңкейген кәрісінен, есін білер жасына дейін тегіс кітапханаларда отырады. Тынымсыз оқу үстінде. Қарапайымдығы сонда, кез келген индивидпен адам ретінде қарым-қатынас жасайды. Әлеуметтік деңгейіңе, ұлтыңа, жынысыңа, дініңе, «шапаныңа» қарап сыйламайды. Артық мақтан мен дарақылықтан аулақ. Осыдан барып, үнемшілдігін көруге болады. Үйінде екі бірдей автокөлігі бола тұра, жұмысқа, не сабаққа белсебетпен келетін адамды да сіз осы Германияда көре аласыз. Оның жанармай құюға да, сөйтіп ол көлікпен әрлі-берлі ойқастап жүруге де шамасы жетеді. Бірақ ол шығынсыз шайтанарбаны хош көреді. Өйткені, ол неміс. Және мұндай өмір салты көптеген Еуропа елінің тұрғындарына тән. Әрине, үлкенді құрмет тұтпау, «гей-шеру» секілді азғындық акцияларын өткізу, біржыныстылардың некелесуі сынды моральдан тыс құбылыстар да бар. Бірақ, қалай болғанда да, Еуропа тура және ауыспалы мағынасында жалаңаштанса да, сол жалаңаш күйінде бізді көш қоным жерге тастап кеткені ақиқат және сол арақашықтықтың жуыр маңда қысқара қоюы неғайбыл.

ва

Массагет оқырмандарына айтар кеңесіңіз?

- Көп жерлерде бұрынғы ориенталист ғалымдар қалыптастырыпты деп түсіндірілетін «Шығыстану» деген ғылым бар. Бұл Шығыс деп аталған Азия және ішінара Африка елдерінің тарихын, экономикасын, әдебиеті мен тілін, этнологиясы мен өнерін, діні мен философиясын кешенді түрде зерттейтін ғылым. Әу баста, осы аймақтан қауіптенген, соны қалайда жаулап алуды көздеген батыстың ойлап тапқан саласы бұл. Соның салдарынан батыстықтар еш именбестен, сан ғасырлардан бері біздің қуыс қолтығымызды емін-еркін зерттеп келді. Біз де осыдан сабақ алуымыз қажет. «Батыс андай екен, мұндай екен» деп үрейлене бермей, батыстан қорықпай ол неден күшті болды, неге әлі әлемге үстемдік етіп отыр, жетістігі неде, соны батыл зерттеуге кірісу керек.

- Уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Еркебұлан Қайрахан

сурет: ©Еркебұлан Қайрахан

Massaget