Италиядан елге хат. Карантиндегі өмір. 6 кеңес

Италиядан елге хат. Карантиндегі өмір. 6 кеңес
Фото: Автордан

Менің аты-жөнім – Фараби Теменов. Рим қаласындағы Link Campus университетінде Бизнес менеджменттің қыр-сырымен танысып, білім жетілдіру үстіндемін. Жанымда келіншегім мен кішкентай қызым бар. Үш аптадан бері үй карантиніндеміз. Үйде отырған соң Қазақстандағы отандастарыма, қыз-жігіттерге арнап мақала жазғым келді. Айтқаным кішкене болса да отандастарымның құлағына ілінсе, түйсігіне түйілсе, бұл қауіптен тезірек құтылармыз деген үмітім бар. Соны Сіздерге ұсынып отырмын.

Коронавирус зұлымдар жасаған биологиялық қару ма, әлде шынымен табиғи мутацияға ұшыраған індет пе қазір ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ салдары адам өмірлерін қиған орасан апатқа, әлемдік экономиканы дауылды дағдарысқа ұшыратып жатыр. Бұрын-соңды мұндай жаппай, бүкіл әлем болып ерікті карантинге қамалуды естіген емеспін. Өткен жылдың соңғы күні Қытайдың Ухань қаласынан белгісіз вирус тарап жатыр деген хабарды естідік. Бірақ онша мән бермедік.

Жаңа жыл басталысымен жаңа вирус өрши бастады, оған зерттеуші ғалымдар «COVID-19» деп ат та қойып үлгерді. Алдымен Азия елдері, содан соң коронавирус бірен-сараң басқа елдерге тарап жатыр деген жаңалықтарды құлағымыз шалды. Арада екі апта  өткеннен кейін коронавирус салдарынан адам құрбандықтары орын алды деген суық хабарды естідік. Кішкене қорқыныш пайда болды: қалайша бұл дерт соншалықты тез тарап, адам өліміне соқытып жатыр?

Ол уақытта магистратурамның бірінші семестрінің емтихандарын тапсырып жатқан кезім еді. Астанадан ата-анам WhatsApp-пен қоңырау шалып алаңдаушылық білдіргенде: «Қытай қайда, Рим қайда, бізге келмейді бұл дерт!» – деп жайбырақат тіршілігімізді жалғастыра бердік. Алайда бір ай өткен соң «COVID-19» Қытайдан келген екі туристпен Италияның солтүстік өңіріне, Ломбардия провинциясына тарады. Содан вирус жұқтырғандар саны күніне 500-600 адамға артып әл бермей тұр. 27 наурызда бір тәулікте қайтыс болғандар саны 900-ден асып кетті. Вирус неге тез тарады? Соны айта кетейін.    

Оған  басты себеп италиялықтардың менталитеті, мысалы амандасқанда – жігіт болсын, қыз болсын екі бетінен сүйіп, «Чао»-латып амандасады, құшақтасады, айқайлап сөйлейтін әдеті бар. Оған қоса италиялықтар таңғы астарын көбінесе әр үйдің астындағы кофеханаларда ішеді. Бұл кәдімгідей салт-дәстүр: капучино мен круасан және жаңалықтарты талқылау. Ал оған қарттар санының көпшілігі мен уайымсыз зейнетақыны қосыңыз. Ойлап көріңіз: жетпістің ар жақ, бұ жағындағы қарттар күнде көрісетін көрші-қолаңымен, достарымен енді қалайша амандаспауы мүмкін? Иә, мүмкін емес. «Тізбекті реакция» деген сол. Соның салдарынан вирус жұқтырғандар саны аспандап кетті.  

Италияның Премьер министрі Джузеппе Конте солтүстік провинцияларды карантинға бөгеттеді, бірақ халық індеттен қашып, басқа қалалардағы туысқандары мен дос-жарандарын иектеді.  Бұл өте үлкен қателік болды деп білемін. Арада екі апта өтер-өтпестен Италияның барлық аймағы қызыл территория деп жарияланды – яғни транспорттық қарым-қатынас тоқтатылды, адам көп жиналатын орталықтар жабылды. «Оқу орындары, барлық компаниялар жұмысын онлайн режиміне көшірілсін» деп жарлық етілді. Карантин режимі енді Италияның барлық аумағын қамтып тұр.  

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алдында Коронавирусты пандемия деп жариялаған. Бірақ кеш болды, Италия енді күн сайын антирекордтар жасай бастады, статистикалық деректер жариялайтын сайттарды оқығанда шындық екеніне сенгің келмейді. Басқа елде жүргеннің артықшылығы, радио тыңдамайсың, теледидар қарамайсың, тек сенімді ақпарат порталдарынан статистика мен соңғы жаңалықтарды оқисың.

Қазіргі таңда карантиннің үшінші аптасы аяқталуда, әлі қаншаға созылары белгісіз, себебі карантин режиміне бағынбайтындардың әсерінен, қалған жұрт зардап шегуде.

Енді құрметті оқырман, сіздерге өз жанұям туралы айтып берейін: келіншегімнің аты Сурайя және енді ғана еңбектей бастаған кішкентай қызымыз бар. Аты – Айым-Күнім. Үйде қазақша сөйлейміз. Римдегі ауа райы өте жақсы, мен сабаққа кететінмін, жұбайым қызымызды сыртта қоларбамен күнде 3-4 сағат таза ауаға шығаратын. Карантин енгізгеннен кейін бізге ең қиыны сол болып тұр. Себебі сыртқа жәй шыға алмайсың, тек азық-түлік алуға, дәріханаға немесе спортпен айналасуға шығуға болады. Көшеде адам жоқтың қасы, көліктер де бірен-саран, өзіңді бір кинодағыдай сезінезің, жаның түршігеді. Үйден шығарда әрдайым полиция қызметкерлеріне түсініктеме жазып шығасың: уақытың, жүріс-тұрысың жазғаныңа сай келмесе айыппұл төлейсің – карантин басталған уақытта айыппұл 206 еуро еді, енді 25-ші наурыздан бастап 3000 еуроға яғни он бес есеге көбейтілді.

Бірақ үйде отырғанның жақсы жағы – көбірек креативті ойлайды екенсің. Отбасыңның көңілін көтересің, бала тәрбиесіне көңіл бөлесің. Келіншегім екеуміз енді кешкі уақытта фильм көрумен ғана емес, кітап оқуды әдетке айналдырдық. Мысалы, жапон жазушысының бала тәрбиесі жайлы кітабынан қызық та пайдалы нәрселерді көкейіме түйдім. Ол былай жазады: «Баланың үш жасқа дейінгі дамуы – оның төрт жасынан он жеті жасына дейінгі дамуына тең екен!». Оны оқи салысымен қызымызды музыкаға баули бастадым, таңымыз классикадан басталады, түскі ұйқыдан кейін жаңа өлеңдерді тыңдаймыз, міндетті түрде үш-төрт тілде. Айым-Күнімнің өзі жақсы көретін сүйікті әндері пайда болды, қосқан бойда тып-тыныш бола қалады, жымияды.

Ойлау қабілетін арттыратын, моториканы дамытатын жаңа ойыншықтар алдық. Еуропаның жақсы жағы «Амазон» сайты тоқтаусыз істейді. Сонымен қатар уақытымыз қызық өтсін деп анда-санда терассамызға диванымызды алып шығатын болдым, күнге жылынып, асымызды таза ауада ішетін болдық. Карантиннің екінші аптасы басталғанда мангал шығарып, шашлық жасадым. Әй, біраз көршілерімнің сілекейі ақты-ау деймін! Бір ай шаштаразға бармап едім, шашты үйде алуды ұйғардық. Келіншегім көмектесіп шашпен біраз алыстық, ақыры жеңіске жеттік, тура шаштаразға барып келгендей болдым.

Тағы да айта кететін бір қызық жайт – кешкі алтыда көрші біткен балконға шығып не терезеден қарап әндетеді; ән сала алмайтындары табақтарын оқтауларымен тоңқылдатып ырғаққа ілеседі, әйтеуір әркім әлінше атсалысады. Сағат түскі 12:00-де коронавируспен арпалысып жатқан ақ халатты абзал жандарға алғыс білдіріп қол шапалақтайды.

Италия психологтар кеңесі елдің барлық өңірлерінде коронавирус бойынша сұрақ қоя алатын және карантин кезінде халыққа шұғыл психологиялық көмек көрсете алатын сенім телефондарын ашқан. Шынымен де керек бастама деп ойлаймын, себебі эмоциялар маңызды және оны ешқашан ескерусіз қалдыруға болмайды. Жақын адамның ауруға шалдығуы, кенеттен қайтыс болуы, әлеуметтік өмірден ұзақ оқшаулану, жұмыс орнынан алыстау немесе уақытша айырылу, отбасымен бірге күні-түні өмір сүру әркімнің де мінез-құлқына, төзімділігіне әсер етеді. Сол себептен мазасыздықты, стрессті немесе қиындықты сезінген жан психологтың көмегіне тегін жүгіне алады. Бұл шараларды ресми органдардың ұйымдастыруымен Қазақстанның  психологтар қауымы қолға алғаны жөн болар еді. Құлақтарыңызға алтын сырға деп қабылдаңыздар.  

Италия қалаларының әкімдері Фейсбук желісінен тікелей эфирге шығып, өз қала тұрғындарымен әңгімелеседі, карантин режимінің маңыздығын түсіндіреді, сұрақтарына дереу жауар береді. Сол секілді, Израиль президенті де ұлттық телеарнадан карантин кезінде ата-аналары өз шаруасымен айналассын деп, балалардың көңілін аулап кешкі ертегі оқып береді екен. Неткен ғанибет десеңізші! Біздің де мемлекеттік қызметтегі ақ жағалы ағаларымыз әдемі жазылған мәтін емес, орынбасарларының жазбаларын емес, елге жақын және маңызды тақырыптарын талқыласа, мұңына құлақ асса, дұрыс дереу шешім қабылдаса деген тілегім-арманым бар.

Ал енді мен Сіздерге өзіңізді, жақындарыңызды қорғауға арналған алты кеңес бергім келеді. Бұл ұсыныстар Италиядағы халықтың жағдайы күрт нашарлауын көзіммен көргеннен туындап отыр. Мақсатым – Қазақстанда ондай жағдайды болдырмау, теріс сипаттың алдын алу. 

Бірінші айтарым, карантин режимінің талаптарын толығымен орындау әр адамның басты міндеті. Басқа елдердің зұлым вируспен арпалыс тәжіриебесі осыған нұсқайды. Түйсікке түйер басты қағида аса қажет жағдай болмаса үйден шықпау!

Екінші айтарым, егер сыртқа шықсаңыз, қолыңызға міндетті түрде резеңке қолғап киіп, аузы-мұрыныңызға бетперде (маскі) тағып жүру, қолды әрдайым таза ұстау. Үйге қайтып келген бойда пайдаланылған қорғаныш құралдарын, маскі мен қолғапты қоқысқа лақтыру. Ұялы телефоныңызды жақсылап дезинфекторлармен сүрту!

Үшінші айтарым, бетіңіздегі бетперде секілді, құлаққа ақпараттар ағынына байланысты шартты түрде сүзгі қойыңыз. Бұл фильтр бұрыс ақпараттарды ары қарай пайдаланбауға жәрдемдеседі. Кез келген информацияны қабылдағанда «шынымен солай ма екен?» деп өзіңізден өзіңіз сұраңыз. Қабылдамас бұрын оның сілтемесі арқылы рас-өтірігіне көз жеткізіңіз.  Орынсыз дүрбелеңге, дүрлігуге жол бермеу керек. Қазір WhatsApp желісінде шындыққа жанаспайтын информация қаптап жүр. Әйтеуір ақпараттар ағынында адаспаңыз!

Төртінші айтарым, жұрт арасында: «Ол вирустан хабарым бар,  оқығанмын, маған ауру жұқпайды, ол туралы айтылғанның бәрі өтірік!» деген астамсыған ұстанымнан аулақ болыңыз! Италиялықтар тап осындай менталитетінен үлкен зардап шегіп жатыр. Есіңізде болсын: сау адам өзі ауырмаса да вирусты тасымалдауы мүмкін! Сондықтан өзіңізге жаныңыз ашымаса да жақындарыңызға жаныңыз ашысын! Соларға пана болыңыз, сақтануға кеңес беріңіз!  

Бесінші айтарым, көршілеріңізді, дос-жараныңызды, бауырларыңызды  көргенде, және де барша мемлекеттік қызметкерлер қазір күнделікті жұмыста бір-біріңізбен ұшырасқанда қол беріп амандасудан бас тартыңыздар! Одан сақтық шара ретінде бас тартып жатқаныңыз бәріне мәлім – оның орнына ата-бабаларымыз секілді: қолыңызды кеудеңізге қойып, басыңызды иіп сәлем берсеңіз жеткілікті.

Алтыншы айтарым, бұқаралық ақпарат құралдары халықтың тілінде сөйлегені жөн. Қазақстанда  адамдар мен телеарналарда айтылатын шындық екі бөлек болмауға тиіс!  Әдемі сөз бен сандардан гөрі, халықтың бүгіні мен ертеңіне деген сенімін арттыру керек. Күш – шындықта. Тек сол кезде ғана, барлығымыз ел болып, жұрт болып, ұстанған ортақ стратегиямыз арқылы коронавирус шапқыншылығына төтеп бере аламыз!

Басымыз аман, денсаулығымыз мықты, еліміз тыныш болғай.

Құрметпен,
Фараби ТЕМЕНОВ.
Рим, Италия, 30.03.2020

Г. Берік