Ғарышты қоқыстан тазартудың 5 жолы

Ғарышты қоқыстан тазартудың 5 жолы
Фото: nauka.vesti.ru, designboom.com

Ғалымдар соңғы жылдары ғарыштағы металл қалдықтарынан пайда болған қоқыстарды жою мәселесіне бас қатырып келеді. Егер ғарышты ол қоқыстардан тазартпаса, бұл саланың дамуына едәуір кедергі келтірмек.

Әр елдің ғалымдары мен зерттеушілері ғарышты қоқыстан тазартудың түрлі жолдарын қарастырып келеді. Қолға алынғалы жатқан жобалар да аз емес. Ғалымдар бірауыздан мақұлдап, тиімді саналатын жоба әлі әзірлене қойған жоқ.

Жапондар ғарыштағы жер серіктерінің маңына 2023 жылы арнайы радар орнатпақ. Радар ғарыштағы қоқыстың жапон жер серігіне қаншалықты қауіпті екенін анықтайтын болады. Сол арқылы жер серіктің бағытын өзгертіп, қауіптің алдын алатын болады. Жапондар бұл радарды ғарыштағы қоқысты жояу мақсатында да пайдалануды жоспарлауда.

Бүгінде ғарышқа ұшырылған аппараттардың 90 %-дан астамы жарамсыз қалған. Олар: істен шыққан ғарыш станциялары, зымыран бөлшектері, астронавт құралдары, т.б.

Ғарышты ең көп ластайтын елдер

Зерттеушілер дерегі бойынша, ғарыштағы қоқыстар тапанша оғынан он есе қатты жылдамдықпен қозғалады. Бұл дегеніміз – ғарышты зерттеу аппараттарының істен шығуына бірден-бір себепкер болады.

Нидерланд суретшісі Даан Роозегаарде дизайнер және инженерлер мамандардан құралған командасымен ғарышты қоқыстан тазартудың 5 жолын жасап шыққан. Бұл әдістер мәселені шеше қояр ма екен?

1. 3D үй салу

Ғарыштағы қоқыстарды құрылыс материалдары ретінде тұтынуға болады. Болашақта адамдар осы қоқыстар арқылы орбитада, болмаса Айда үй салуы мүмкін деп болжайды. Сол арқылы ғарыш қоқыстан тазарады деген тоқтамға келген. Қызық-ақ...

2. Аққан жұлдыздар

♦ Ғарыштағы қоқыстарды арнайы басқару құрылғылары арқылы жерге тарту керек. Атмосферада отқа оранып, жанып кетеді. Экологияға қатты зияны да болмайды. Жер бетіндегі адамдар аққан жұлдыздар секілді отшашуларды көріп, ерекше қуанатын болады, - дейді. Бұл идеяға Дубай билігі қызығушылық танытқан. Тіпті 2020 жылғы EXPO кезінде жүзеге асыруды жоспарламақ та ниетте екен.

3. Күн сәулесін шағылыстыру айнасын жасау

♦ Ғарыштағы қоқыстарды жинап, күн сәулесін шағылыстыратын айна жасау қажет. Нәтижесінде жерге күннен келетін радиация да азаяды. Бұл жер бетінде климаттың өзгеруіне әсерін тигізеді. Осы арқылы мұзы еріп жатқан аумақтарды қорғауға болады.

4. Қоқыстарды жинаушы алып құрылғы

Алып құрылғы қоқыстардың кинетикалық энергиясын пайдалана алады. Себебі ғарышта қоқыстардың жылдамдығы 15 км/с болады. Құрылғы қоқыстарды жинап, шашырап кетпеуіне сеп болады. Бұл арқылы жасанды жер серіктеріне төнетін қауіп те азаяды.

5.  Ғарыштық жүк көліктерін жасау

♦ Ғарышты қоқыстан тазарту үшін арнайы ғарыштық жүк көліктерін жасау керек. Олар қоқыс арқылы өз-өздерін қамтамасыз ете алуы тиіс. Яғни қоқыстарды плазмалық отынға айналдырады. Бұларды жер серіктері үшін мобильді қуат станциялары ретінде пайдалануға да болады, - дейді.

Айта кетейік, осыған дейін әлемдегі танымал Business Insider басылымы ғарышты ең көп ластайтын елдердің тізімін жариялаған еді. Бұл тізімде бірінші орында АҚШ тұр. Одан кейінгі орындарға Ресей мен Қытай елдері орналасқан.

Ө. Сансызбай