Ғарышты ең көп ластайтын елдер

Ғарышты ең көп ластайтын елдер
Фото: TED.com

Әлемдегі танымал Business Insider басылымы ғарышты ең көп ластайтын елдердің тізімін жариялады. Бұл тізімде бірінші орында АҚШ тұр. Одан кейінгі орындарға Ресей мен Қытай елдері орналасқан.

Ғалымдар соңғы жылдары ғарыштағы металл қалдықтарынан пайда болған қоқыстарды жою мәселесіне бас қатырып келеді. Егер ғарышты ол қоқыстардан тазартпаса, бұл саланың дамуына едәуір кедергі келтіреді екен. Себебі бүгінде ғарышқа ұшырылған аппараттардың 90 %-дан астамы жарамсыз қалған. Олар: істен шыққан ғарыш станциялары, зымыран бөлшектері, астронавт құралдары, т.б.

Басылым мәліметінше, Жерге жақын қоқыс қалдықтарының көпшілігі Ресейге тиесілі екен. Ал көш басында АҚШ тұр.

Зерттеушілер дерегі бойынша, ғарыштағы қоқыстар тапанша оғынан он есе қатты жылдамдықпен қозғалады. Бұл дегеніміз – ғарышты зерттеу аппараттарының істен шығуына бірден-бір себепкер.

- Кішкентай металл қалдығының өзі жер серігіне айтарлықтай ақау түсіруі, жарамсыз етуі ықтимал. Мұның соңы үлкен шығынға ұшыратады. Сондықтан да ғарышты қоқыстан тазарту керек, - деген еді осыған дейін ғалымдар.

Қазіргі таңда ғарышты қоқыстан тазарту жайлы көптеген жобалар дайындалуда. Дегенмен ғалымдар бірауыздан мақұлдап, тиімді саналатын жоба әлі әзірлене қоймапты.

Ө. Сансызбай