Бүгін — балалар өнертабысы күні!

Бүгін — балалар өнертабысы күні!
Фото: bibliokniga115.blogspot.com

Әлемге тек ересектер емес, балалар да өз пайдасын тигізеді. Қаңтардың 17 жұлдызы әлемде «Балалар өнертабысы күні» (Kid Inventors’ Day) тойланады.

Біздің өмірімізді оңай, қызық және жайлы ете түсетін жаңалықтардың көпшілігін балалар ашқан. Жыл сайын авторы түрлі жастағы балалар болып табылатын шамамен жарты миллион өнертабыс жасалады. Атаулы күннің 17 қаңтар болуы бекер емес, себебі бұл күн – америкалық мемлекет қызметкері, ғалым, өнертапқыш және журналист Бенджамин Франклиннің (Benjamin Franklin, 1706-1790) туған күні. Ол өзінің алғашқы өнертабысын, қолға киілетін жүзуге арналған ескектерді 12 жасында ойлап тапқан. Ол ары қарай ғылыми зерттеулерін жалғастырып, көптеген тәжірибелер жүргізіп, әлемдік ғылымға баға жетпес үлес қосты. Франклин «+» және «−» электрлік зарядты жағдайлардың белгісін енгізді, найзағайдың электрлік табиғатына дәлел көрсетті, 1752 жылы жайтартқыш жобасын ұсынды, алғаш болып дәріні (порох) жаруға электрлік ұшқынды қолданды, тербелме-орындық құрылымына патент алды және 1784 жылы бифокалды көзілдірік ойлап тапты. Бұл Бенджамин Франклиннің өнертапқыштық мұрасының бір бөлігі ғана десек қателеспейміз.

Ақтаулық жас өнертапқыш жасанды қол ойлап тапты

Аляска туы да бала өнертабысы. Бенджамин Франклиннің отандасы 13-жасар Бенни Бенсон 1926 жылы Алясканың мемлекеттік туы конкурсына өз сызбасын жібереді. Ашық аспанды білдіретін көк түс, штаттың ресми гүлі – ботакөз, Жетіқарақшы мен Темірқазық шоқжұлдызының суреті баланы жеңіске әкелді. Сөзсіз, Аляска туы қазір де өте әдемі көрінеді.

Ал батутты кім ойлап тапты? 1930 жылы әуелі гимнасттар жарысын бақылау кезінде Джордж Ниссен олар өнер көрсетіп болған соң сақтандыру торына секіретіндіктеріне мән берген. Акробаттардың өнері әдетте сонымен аяқталатын болған. Бірақ 16-жасар жасөспірімнің ойына ауада түрлі трюктер жасауға болатын «секірме қондырғы» жасау келген.

"100 есім" жобасына енген жас өнертапқыш NASA байқауында бақ сынайды

Балалар өнертабысы өте көп: саусағы жоқ қолғап, түбі төртбұрышты қағаз пакет, калькулятор, таяқшасы бар балмұздақ және т.б. Мұның барлығын біздің өмірімізге жас өнертапқыштар әкелді. Өнертапқыш балалар күнінде әлем бойынша түрлі сайыстар, жаңа өнертабыстарын көрсететін конкурстар өтеді. Ойлап табу – балаларға тән табиғи құбылыс.

А. Жапатова