- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Жапондар ғарыштағы қоқыстан...
Жапондар ғарыштағы қоқыстан сақтанудың жолын іздей бастады
Ғалымдар соңғы жылдары ғарыштағы металл қалдықтарынан пайда болған қоқыстарды жою мәселесіне бас қатырып келеді. Жапон ғалымдары да ғарыштағы жер серіктерін қорғау мақсатында арнайы жобаны бастамақ.
Күншығыс елінің Қорғаныс министрлігі жаңа жобаға 4,4 миллиард (28 миллион доллар) шығындамақ екен. Олар ғарыштағы жер серіктерінің маңына 2023 жылы арнайы радар орнатпақ. Радар ғарыштағы қоқыстың жапон жер серігіне қаншалықты қауіпті екенін анықтайтын болады. Сол арқылы жер серіктің бағытын өзгертіп, қауіптің алдын алатын болады. Жапондар бұл радарды ғарыштағы қоқысты жояу мақсатында да пайдалануды жоспарлап отыр екен.
Бүгінде ғарышқа ұшырылған аппараттардың 90 %-дан астамы жарамсыз қалған. Олар: істен шыққан ғарыш станциялары, зымыран бөлшектері, астронавт құралдары, т.б.
Зерттеушілер дерегі бойынша, ғарыштағы қоқыстар тапанша оғынан он есе қатты жылдамдықпен қозғалады. Бұл дегеніміз – ғарышты зерттеу аппараттарының істен шығуына бірден-бір себепкер.
- Кішкентай металл қалдығының өзі жер серігіне айтарлықтай ақау түсіруі, жарамсыз етуі ықтимал. Мұның соңы үлкен шығынға ұшыратады. Сондықтан да ғарышты қоқыстан тазарту керек, - деген еді осыған дейін ғалымдар.
Қазіргі таңда ғарышты қоқыстан тазарту жайлы көптеген жобалар дайындалуда. Дегенмен ғалымдар бірауыздан мақұлдап, тиімді саналатын жоба әлі әзірлене қоймапты.
Айта кетейік, осыған дейін әлемдегі танымал Business Insider басылымы ғарышты ең көп ластайтын елдердің тізімін жариялаған еді. Бұл тізімде бірінші орында АҚШ тұр. Одан кейінгі орындарға Ресей мен Қытай елдері орналасқан.