Би билеудің адам өміріне пайдасы

Би билеудің адам өміріне пайдасы

Бүгін – халықаралық би күні. Бұл мереке ЮНЕСКО-ның шешімімен 1982 жылдан бастап француздық балетмейстер, би өнерінің реформаторы әрі теоретигі Жан Жорж Новердің (1727-1810) туған күніне орай аталып өтіледі. Жан Жорж Новер тарихта «Бүгінгі балет өнерінің атасы» ретінде қалған.

"Ұлы Дюпренің" шәкірті Жан Жорж Новердың (1727-1810) ойына бүгінгі би өнерінің алғашқы идеялары келе бастаған. Ол опера өнерінен тәуелсіз түрде бөлініп шығатын жаңа бір жанрды ойлап тапқысы келді. Би өмірге келмей тұрып операмен біте қайнасқан балет өнері мәдени өмірде кең етек жайып еді. Сөйтіп Жан Жорж Новер ең алғаш операдан балетті бөліп алып, тек балетке құрылған спектакльді жарыққа шығарды. Ол өзінің балетке байланысты тың ойларын драмалық деңгейде шарықтатып, сол кезден бастап жаңашыл қойылымдарды сахналай бастады. Ол жалпы мәдениет тарихында ең алғаш рет би қимылдарымен спектакль жасап шығарды. Спектакльдің елді елең еткізер желі де, ойынның көркін ашатын образдар да болды.

Новер қаһармандық балет пен балет-трагедияның дамуына ауыз толтырып айтарлықтай үлес қоса білді. Сонымен қатар, ол балет қойылымдарын жарыққа шығаруға арналған теориялық ілімді жасап кетті.

1759 жылы Новердың атақты «Би мен балет жайлы хат» атты туындысы жарыққа шықты. Шығармада балеттік қойылымдар туралы жазылды. Онда пантомимо және би өнері туралы да айтылды.

Халықаралық би күні – «барлық биді» біріктіруге қызмет етіп келе жатқан атаулы күн. Бұл өнер түрі әр түрлі ұлт өкілдерінің басын қосып, ынтымақтастық пен бейбітшілікке баулып, этникалық қарым-қатынасты одан әрі нығайта түседі.

Мереке қарсаңында би туралы бірнеше қызықты мәліметтер легін оқи отырыңыз:

Бидің де өзі үні, өз тілі болады. Би де талғамды қажет етеді. Тілмен түсіндіре алмайтын жайтты бимен жеткізуге болады. Биде де аса терең философиялық ой жатады. Британдық маман Х.Эллис би арқылы екі адам бір-біріне қуатты физиологиялық импульс бере алады десе, келесі бір мамандар дене қозғалысының астарында жан қозғалысы жасырынып жатыр дегенді айтады.

Би үш тоқа бөлінеді: ұлттық билер (қара жорға, лезгинка, фламенко, гопак т.б.), банальді классикалық (вальс, танго, румба), заманауи (рок-н-ролл, брейк, сахналық балет т.б.)

Аптасына екі рет би үйірмесіне бару ақыл-парасат кемдігіне душар болу қаупін азайтады.

Ата-аналары жастайынан биге алып барған балалардың сүйектері басқаларға қарағанда 5 пайызға берік болады екен.

Ғалымдар жүрек-қан тамырларында ақау бар науқастарға зерттеу жүргізеді. Бишілерде қандағы оттектің мөлшері 18%-ға, дене шынықтыру мамандарында 16%-ға көбейген.

Би сағатына шамамамен 400 ккал энергияны жоқ қылып жібереді.

Бес айлық және екі жас аралығындағы сәбилер музыка ритміне сай қозғалыс жасау қабілетіне ие. Керек десеңіз, әуен оларға қарапайым сөйлеуден де қатты әсер етеді.

Қытайда ерлердің ішпен билеу үрдісі кең таралған. Олар артық салмақпен осылай күреседі.

Би адамның жүйке жүйесіне жақсы жағынан әсер ете алады. Мысалы, би жүйкеге түскен ауырлықты басады, бас ауруларын қайтарады, артериалды қысымды қалыпқа түсіреді.

Кәсіби бимен айналысатын адамдарда ешқашанда Паркинсон ауруы болмайды.

Бритни Спирстің ең алғашқы би сабағы екі жасында болған. Қыз үш жасында-ақ, гимнастикамен айналысуды бастаған.

1961 жылы Чебби Чеккер өз ойынан шығарылған жаңа биді көгілдір экраннан көрсетеді. Бұл – «твист» еді. Би үшін серіктің қажеті жоқ, кез келген адам жалғыз билей алады. Қозғалыстары да қарапайым, қожетімді келеді. Чебби Чеккердің "Let's Twist Again" хиті Америка мен Еуропаның барлық елдерін тез уақыттың ішінде жаулап алады.

Полька  биінің отаны Польша емес. Бұл – шешен биі, оның атауы осы тілдегі «жарты», яғни, «половина» деген сөзден шыққан.

Египетте іш биімен айналысатындар әр жыл сайын мемлекетке 264 миллион доллар салық төлейді. Осылайша, бишілер мемлекет қазынасын ең көп толтыратындар тізімінің бесінші орнында тұр. Бірінші орында Суэц каналы, екінші туризм, үшінші мұнай, бесінші мақта.

Үнді классикалық биінде белгілі бір сезімді жеткізу үшін көз ғана емес, қас та, ерін де, мұрын да, бет те, иек те, құлақ та қимылдайды. Бұл бет бұлшық еті үшін таптырмас жаттығу бола алады.

Грекияны нышандайтын сиртаки биі бұл елдің ұлттық биіне жатпайды. Оны 1964 жылы Энтони Куинн «Зорба грек» атты фильмінің  түсірілімі кезінде ойлап тапқан. Актерға секірулер мен энергиялық қозғалыстары бар би қою керек болатын, алайда, ол түсірілімге бір күн қалғанда аяғын шығарып алады да, осындай жай қимылды биді билеуге мәжбүр болады.

Ең алғашқы би мұғалімдері XV ғасырда пайда болды.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет:yvision.kz, vk.com

 

Оқи отырыңыз:

Сальса туралы

Танго туралы

Би арқылы емделу