13 қараша. Бүгін қандай күн?

13 қараша. Бүгін қандай күн?

Бүгін – Халықаралық зағиптар күні.

1745 жылдың 13 қарашасында Франция жерінде белгілі педагог, Париж және Петербург қалаларында зағиптарға арналған бірнеше мектеп ашушы Валинтин Гаюи дүниеге келген. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен В. Гаюидің дүниеге келген күні Халықаралалық зағиптар күні ( International Day of the Blind) деп белгіленді.

ХVІІІ ғасырға дейін әлем Зағиптарға арналған мектеп дегенді атымен білмеді.

Францияның Париж қаласында 1784 жылы «Еңбекқор зағип жандардың шеберханасы» деген атпен зағип жандарға арналған мектеп ашылған. Оны әйгілі ұстаз Валентин Гаюи (Valentin Hauy) мемлекеттің я бір қайырымдылық қорларының көмегінсіз, өз қаражатына ашқан екен. Ал бұл мектептің ең бірінші шәкірті шіркеу маңында қаңғып жүрген Франсуа де Лезюер есімді бала. Бұдан кейін мектепке Франсуамен қатарлас көшеден жиылған 11 бала келіп қосылған. Бұған дейін әлем зағиптарға арналған мектептер туралы ойламаған да. Гаюи өзінің ойлап тапқан «унциала» әдісімен балаларды оқытуды бастап кеткен кезде де талапты топтың алдында қаржы мәселесі деген үлкен проблема тұрған еді.

Бұл қиындыққа қарамай, жанашыр ұстаз зағиптарға арнап «унциал» рельефті-сызықты қаріппен жазылған кітап шығарады. Бұл кітап Брайльдің бұдан да пайдалырақ атақты кітабы шықпағанша кең қолданыста болған екен.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 420 мың мүмкіндігі шектеулі мүгедек жан болса, олардың 46500-і 16 жасқа толмаған балалар. Ал республика бойынша зағип жандардың саны 20 мыңнан асады. Олардың 2 мыңы ғана еңбекке қабілетті. Ал дүние жүзінде – 124 миллион зағип бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есептеуі бойынша, 2020 жылға қарай зағип жандар саны екі есеге дейін артуы мүмкін.


Зағиптардың халықаралық күнінде көптеген елде көру қабілетінен айырылған адамдарға назар аударып, қамқорлық танытуға арналған түрлі іс-шаралар өткізіледі және олардың білім алуына, өз құқықтарын дұрыс пайдалануына, салауатты өмір салтын жүргізуіне арналған жағдайлар қарастырылатын конференциялар ұйымдастырылады.

Бүгін – мереке емес, бүгін тәубеге келу күні... Арайлап атқан, қызарып батқан күнді көре алатыныңыз үшін бақыттысыз. Бақытыңыздың бағасын, қадірін біліңіз!

Бүгін – әнші, композитор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Д.А.Қонаев атындағы Халықаралық қор басқармасының мүшесі, Орталық Азия Халық академиясының академигі, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры Ескендір Хасанғалиев Өтегенұлының туған күні. Өнер әлемінің төрінде жүрген ағамыз 74-ші күзін қарсы алып отыр екен.

Оның алғашқы әні 1961 жылы «Анаға сәлем» деген атпен елге танылып, одан кейін «Асыл арман», «Атамекен», «Бозторғай», «Әдемі-ау» т.б. жұртшылық сүйіп айтар әндер жазды. Ескендір Хасанғалиев әндері жастық шағы 60-жылдардың соңы мен 70-жылдардың басында өткен замандастарына, іні-қарындастарына әсіресе ыстық. «Студенттердің қоштасу әні», «Асыл арман», «Ауылым-әнім», «Атамекен», «Есіңе ал», «Сағындым сені», «Гүл сезім», «Әдемі-ау», «Елігім еркем», «Бозторғайым» т.б.

Ескендір Хасанғалиевтің Отан, туған ел тақырыбына арналған шығармалары өте көп. Ол 500-ден астам ән, романс және хорға арналған шығармалар жазған.

Өлмес әндерді дүниеге әкеліп, халқының ыстық ықыласына бөленген Ескендір ағамызды туған күнімен құттықтап, жанұя бақытын, шығармашылық табыстар тілейміз!

Күнімізді ағаның "Атамекен" әнімен қарсы алайық!


Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: anyzadam.kzprofvesti.org