Әлем шарлауда ескерер дүниелер

Әлем шарлауда ескерер дүниелер
Фото: vk.com

Әлем елдеріне саяхат жасау – бүгінде әрбір заманауи адамның арманына айналды десек, артық айтқандық емес. Әрине, ел көру, жер аралаудың, адам танудың пайдасы да жоқ емес. Саяхат барысында жаңа дүниелерді көріп, танымыңды кеңейтуге, жаңа көзқарастарға ие болуға мүмкіндік бар. Тек саяхат ережелерін жақсы білу керек.

Осы орайда назарларыңызға Пауло Коэльо жасаған саяхат ережелерін ұсынып көрмекпіз. Керек дегеніңізді түртіп алыңыз:

1. Мұражайлардан тыйылу. Кеңестің құлаққа түрпідей тиюі әбден мүмкін, бірақ сөздің байыбына барып көрейікші: өзге қалада жүргенде оның өткенінен бұрын нағыз осы шағын білген қызықты емес пе? Сен бәрібір өткенді қалпына келтіре алмайсың. Адамдар бала шағынан бері солай тәрбиеленгендіктен, мұражайға баруды өзіне парыз ретінде бекітіп алған. Әрине, мұражайға бару өте маңызды, бірақ, сен өзіңе не керек екендігін шешіп алғаның жөн. Ондағы ескі дүниелер саған не бере алады? Оларды кітаптан, ғаламтор беттерінен көріп алуға болмай ма?

2. Ойын-сауық орталықтарына бар. Ол жерден қаланың, адамдардың нағыз өмірін көре аласың, ой түйесің. Ойын-сауық дегенде, би кештері өтетін немесе адамдар ішетін жер емес, жергілікті тұрғындар, қарапайым халық жиналатын орта айтылып тұр. Газет сатып ал да, орындыққа жайғас, өткен кеткендерді сырттай бақылап көр. Біреу сені сөзге тартқан болса, барыңды салып, сөйлесіп көр.

3. Ашық бол. Ең мықты гид – жергілікті тұрғын. Олар арнайы қызметте істемегенімен, бәрін біледі, өз қаласын жақсы көреді. Көшеге шық та, "Қалай баруға болады?" сынды сұрақтарды кез келген адамға бағытта, біріншісімен үйлеспесең, екіншісі сенің көңіліңнен шығады. Жақсы адамдар кездесіп жатса, бір күн бойы кез келген сауалыңа жауап алып, ең жақсы жерлермен серуендей аласың.

4. Жалғыз саяхатта немесе күйеуіңді я әйеліңді ерткенің жөн. Осылай ғана өз еліңнен біржола кете аласың. Топ болып жүретін болсаң, өз тіліңде сөйлеуді жалғастыра бересің және жаңа орындарға емес, айналаңдағы жолдастарыңның әңгімелеріне көп назар аударасың.

5. Салыстырма. Ештеңеге салыстырмалы түрде қарама: бағасына, тазалыққа, өмір сапасына, транспортқа. Ешбіріне! Сен өзіңнің жақсы өмір сүретініңді дәлелдеу үшін саяхат жасамайсың. Әлде солай ма? Өзгенің өмірімен етене жақын таныс, үйренетіңді алып, жиренетініңнен бас тарт!

6. Сені бәрі түсінеді. Өзің барған елдің тілінде сөйлей алмасаң да, қорқушы болма. Пауло Коэльо көптеген елдерде болды. Ол сол елдің бірауыз сөзін білмесе де, әрдайым көмек қолын созатындарды тапты, олардың көпшілігі саяхатшының ең жақын достарына айналып кеткен. Көп адамдар жалғыз жүргенде адасып кетеміз деп ойлайды. Өзің тоқтаған қонақ үйдің визитті картасы қалтаңда болса – қорқатын дәнеме жоқ. Кез келген жүргізушіге көрсетсең, керек жеріңе уақытында жеткізеді.

7. Тым көп сауда жасама. Анда-мұнда тасып әуре болмайтын заттарға ақша жұмсамағаның жөн. Мәселен, театр билеттері, мейрамханалар, ойын-сауық орталықтарына барып көр. Мұнда бәрін көру керек! Қазіргі жаһандану заманында өзің қалаған затты ғаламтор арқылы да сатып алуға болады.

8. Әлемді бір айда айналып шығамын деп әуреге түспеңіз. Аптасына бес қаланы аралап шыққанша, бір қалада 4-5 күн аялдаған дұрыс. Қаланы қырсық әйелге теңеуге болады. Жан-жақты танып, көңілін аулағанша уақыт керек.

9. Саяхат – бұл шытырман оқиғалар. Генри Миллер бір сөзінде: "Римге барып, Сикстинск капелласын көруді парыз сезініп көргенге қарағанда, әлі ешкім естіп-білмеген бейтаныс шіркеуді ашқан артық",- деп айтқан екен. Иә, оған да бару керек, бірақ жаттанды жолдармен жүру – жаңалық емес. Өзіңді еркін сезін, өзің әлі білмейтін дүниені іздеп тап, бұл сенің өміріңді өзгертуі мүмкін...