Бүгін қандай күн?

Бүгін қандай күн?

30 қыркүйек Халықаралық аудармашылар күні. Бұл күн қалай пайда болды? Аудармаларға қатысты қандай қызықты фактілер бар?

Аудармашы ертеден бастау алған мамандықтардың бірі. Бұл күннің мереке ретінде таңдалуы кездейсоқтық емес. Дәл осы күні 420 жылдың 30 қыркүйегінде Иероним Стридонский есімді жазушы, аудармашы, тарихшы өмірден қайтқан. Ол кісі аударма жасауды бастап, аудармашылар пірі деп белгілі болған.

Аудармашылардың кәсіби мерекесі тек 1991 жылы пайда болды. Аудармашылардың Халықаралық Федерациясы (International Fédération Internationale des Traducteurs, FIT) сол жылы 30 қыркүйекті Халықаралық аудармашылар күні деп жариялады.

Әр жылы осы мейрам ерекше ұранмен қарсы алынады. 2013 жылы Аудармашылар күнінің ұраны: «Тілдік бөгеттерсіз әлем бірігеді».

Аудармалар мен тілдер жайлы қызықты фактілерді оқып отырыңыздар:

  • Бәріміз кішкентайымызда Киплингтың кітабына түсірілген «Маугли» мультфильмін көргенбіз. Сондағы Багира пантерасы өзінің сұлулығы мен салтанатты жүрісімен есте сақталады. Алайда түпнұсқада Багира ұрғашы емес, еркек екен! Аудару барысында аудармашы пантераны ұрғашы деп ойлап, қате жіберіпті.
  • Жапондағы мектеп оқушылары мен студенттер Kit Kat шоколадтарын емтихан кезінде сүйіп жейді. Мұның себебі шоколадтың атауы жапондық «kitsu katsu» - «міндетті түрде жеңемін» сөзіне ұқсайды екен.
  • Көптеген тілдердің жазылуының өзінде мағына бар екен. Мысалға қытай тіліндегі «қиындықтар» иероглифы «бір шатырдың астындағы екі әйел» деп жазылады.
  • Қытайдағы Pepsi сусынының «Пепси ұрпағымен бірге өмір сүр» жарнамасы қытай тіліне аударылғанда «Пепси әруақтарыңызды көрден көтереді» болып қалды.
  • Әлемдегі ең ұзын әліпби камбоджалық әліпби екен. Ол 74 әріптен тұрады.
  • Жалпы африкалық халықтарда 1000-нан астам тіл бар.
  • Африка нарығына балалар тағамын ұсынған Gerber компаниясы қызық жағдайға тап болды. Олардың өнімдерінің сыртында сәбидің суреті салынған болатын. Тауар аса танымалдылыққа ие болмағаннан кейін, маркетологтар сұрақтың шешімін іздей бастады. Сөйтсе, Африкадағы халықтың әріп танымайтындығына байланысты олар тауардың ішінде не барын тек суреттен ғана тани алады екен. Жергілікті тұрғындар бала суреті бейнеленген қораптардан шошып, оларды алудан бас тартқан. 

Барша аудармашыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: mospat.ru, pozdravish.ru

С. А