Coca-Cola компаниясы мұзды бөтелкелер шығаруда

Coca-Cola компаниясы мұзды бөтелкелер шығаруда

Әзірге Кока-коланың мұзды бөтелкелерінің тек Колумбия елінің жұртшылығы ғана қызығын көруде. Мұзды бөтелкенің жұмысымен айналысқан дизайнерлер бөтелкенің экологиялық тұрғыда өте таза жасалғанын хабарлап отыр.

Бөтелке ерігенде оны қарапайым газды су ретінде ішіп қоясыз. Мұнан соң одан дым да қалмайды. Бұл — қоқыс азайтудың таптырмас амалы. Өйткені басқа сулардың бөтелкелері босқа керекке жарамай қоқысты толтырып тұрады. Тіпті кейбірі көшелер мен қоғамдық орындардың сәнін қашырып, шашылып жатады.

Coca-cola компаниясы жаңа өнімге «Botello de Hielo» (Мұзды бөтелке) деп ат еншілеп, жарнамалық жұмыстарға кірісіп те кетті. Осы істің бастамасы ретінде компания бейнеролик түсірді. Бейнероликте адамдардың ыстық күнде жағажайда жаңа мұзды бөтелкемен рахаттанып жатқандығы көрсетіледі.

Олар өздерінше мына жаңалыққа таңырқап жүреді. Дүңгіршектерде адамдар қаптап, бәрі де бір-бір мұз бөтелкеден алып мәз-мейрам боп жатады. Кейін олар бөтелкелерін құмға тастап кетеді. Бөтелке сол жерде-ақ еріп қалады.  

Мұзды бөтелкелерді жасау үшін компания суды 25 градустық температурада мұздатып, ішіне сусын құяды. Одан соң бөтелкелердің әрқайсысына Coca-Cola компаниясының логотипі таңбаланып, қолмен ұстайтын тұсына қызыл парақша жабыстырылады.

Мұндай өнімді жасаушы компанияның арқасында мұзды бөтелке Колумбияның демалыс орындары мен жағажайларында аса танымалдылыққа ие болуда. Онда сатушылар бір сағатта орта есеппен 265 бөтелке сатып үлгереді.

Әйткенмен экологиялық таза өнімнің кері тұстары да жоқ емес. Проблема оның құрамында емес, сақталуында болып отыр. Авторлардың сөзінше, мұзды бөтелкелерді көптеп шығару аса тиімді емес. Ол үшін оны үнемі мұздатып отыратын арнайы техникалар қажет болады. Ондай техника жоқ емес-ау. Болған күннің өзінде бөтелкелерді күн сайын өз қалпында сақтандыру үшін өте көп энергия керек. Сондықтан бұл өнімге деген сұраныс көп болса да, ары қарай жұмысы оңға басуы ойландыратын мәселе болып отыр. Өйткені "керектердің" саны азамай жатыр. 

Food Beast сайтының айтуынша, мұзды бөтелкелер санитарлық нормаға онша сай келе қоймайды. Олардың сөзінше, бөтелке сатылымға шығып, адамдардың қажетіне жарағанша өзіне микробтарды көптеп жинап үлгереді.

Кока-колаға құмар басқа да жандар мұндай мұзды бөтелкенің көп шыға бастауы ауыз-су тапшылығына әкеліп соғады деп ойлауда. Сондықтан болу керек, компания әлі де мұзды бөтелкелерді басқа елдерге жөнелтуді жоспарлап отырған жоқ.

Coca-Cola — өзінің маркетингтік инновациялық дамуында газды сусындарды мұзбен шығарған алғашқы компания емес. Осы жылдың сәуір айында ғана Аргентинадағы Буэнос-Айрес қаласының көшесінде 7-Up компаниясы «Melting Machine» деген атпен сауда құрылғысын орнатқан болатын. Толықтай мұздан жасалған құрылғы адамдар ішінен барлық сусын құйылған құтыларды алып біткенде бірден еріп кетеді. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: billionnews.ru

А. Әбілхан