Қазақстанда қандай технология "жасыл технологиялар" санатына жатады?

Қазақстанда қандай технология "жасыл технологиялар" санатына жатады?
Фото: pectr.com.kz

Қазақстанда 2021 жылы технологияларды «жасыл» технологиялар ретінде тану жөніндегі арнайы қағидалар бекітілген. Аталмыш қағидада «жасыл жобаларды» жіктеу, іріктеу және қаржылық тартымдылығы жағынан жөндеу, соның негізінде экологиялық қауіпсіздікті арттыру шаралары қарастырылған.

Қағидаға сәйкес, «жасыл» технологиялар дегеніміз – ғылымның қазіргі заманғы жетістіктері негізінде жасалған, тұрақты дамудың экологиялық, экономикалық, әлеуметтік аспектілерін ескеретін өндірістің экологиялық қауіпсіз технологиялары.

Ал «жасыл» жобаларға қолда бар табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға, қоршаған ортаға теріс әсер ету деңгейін төмендетуге, энергия тиімділігін, энергия үнемдеуді арттыруға, климаттың өзгеру салдарларын жұмсартуға және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған жобалар жатады.

Қағидада бекітілген «жасыл» технологияларға мынаған бағытталған технологиялар жатады:

- уытты емес өнімдерді тұйық цикл бойынша өндіру: «өндіріс – кәдеге жарату – жаңа өндіріс»;

-  технологиялар мен тұтыну құрылымындағы инновациялар есебінен қалдықтарды барынша азайту;

-   жаңартылмайтын табиғи ресурстарды баламалы жаңартылатын шикізат пен энергия көздеріне ауыстыру;

- егін шаруашылығына, мал шаруашылығына және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге биотехнологияларды енгізу, ауыл шаруашылығына арналған биологиялық препараттар өндіру;

- жаңартылатын энергия көздерінен (күн энергиясы, жел энергиясы, гидро-, геотермалдық энергия, биомасса, сутегі) энергия өндіру, атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту, отынды пайдалану тиімділігін, сондай-ақ ғимараттар мен тұрмыстық аспаптардың энергия тиімділігін арттыру;

-  климаттың өзгеру салдарын жұмсартуға бағытталған, қоршаған ортадағы парниктік газдарды жақсы сіңіретін  тұрақты жасыл желектер өсіру;

- өндіріс және тұтыну қалдықтарын пайдалана отырып, құрамында уытты және канцерогенді заттары жоқ құрылыс материалдарын өндіру.

Технологияны «жасылға» жатқызған кезде төмендегі критерийлер қарастырылады:

1) міндеті;

2) ресурс үнемдеуі;

3) энергетикалық тиімділігі;

4) қалдықтарды болдырмауы және азайтуы;

5) технологияның қауіпсіздігі.

Халықаралық тәжірибе дәлелдеп бергендей, «жасыл» технологиялар –  экологиялық жағынан, экономикалық жақтан да тиімді технология. Экономикада халық денсаулығы, халықтың менталды саулығы, халықтың көңіл-күй тұрақтылығы сынды ЖІӨ-ге кірмейтін түсініктер бар. Бұлар халықтың әл-ауқатына, экономикалық өнімділікке тікелей әсер етеді. «Жасыл технология» ең алдымен халықтың әл-ауқаты мен ел экономикасын дамытуға әкелетін өнеркәсіп саласы, - дейді  ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зүлфия Сүлейменова.

Қазақстанның жасыл экономикаға өтудің ұлттық мақсаттары мынадай:

- Қалдықтарды меңгеру жүйесін құру

- Орнықты және өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамыту

- Су ресурстарын тұрақты пайдалану

- Жаңарылатын және баламалы энергия көздерін пайдалану

- Қоршаған ортаға келеңсіз әсерді қысқарту

- Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру

Экожүйелерді үнемді және тиімді пайдалану

Әр азаматтың заңды құқығы сынды экологиялық құқығы да бар. Бұл Конституцияда бекітілген. Экология ең алдымен адамның фундаментальді құқығы. Сондықтан экономика мен экологияны екі бөлек қоюға болмайды, - дейді Зүлфия Сүлейменова.

Қ. Слямбек