Тоқаев: "Жаңа Қазақстанда полицейлердің озбырлығына жол берілмеуі керек"

Тоқаев: "Жаңа Қазақстанда полицейлердің озбырлығына жол берілмеуі керек"

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның құқық қорғау және сот жүйесінде реформалар жүргізілетінін мәлімдеді.

Ол еліміздің адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін жан-жақты нығайту жолындағы бағытын жалғастыратынын атап өтті.

"Құқықтық реформа аясында Конституциялық сот қайта құрылады. Азаматтар өте маңызды институт қызметінің игілігін сезінуі үшін оның шешімдеріне жедел ден қою тетігін енгізу қажет.

Жаңа әділетті Қазақстанда полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорларға, бейтарап судьяларға орын болмауы керек. Қоғам құқық қорғау және сот жүйесінен нақты өзгерістер күтеді. Осы және ел дамуының басқа да мәселелері бойынша мен ағымдағы жылдың қыркүйек айында Парламенттің келесі сессиясының ашылуында сөйлеген сөзімде нақты шешімдерді ұсынамын", - деді Тоқаев референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жолдауында.

Президент "елдің экономикалық ресурстарының тар топтың қолында шоғырлануына ықпал етіп, оларға қажетсіз преференциялар берген" заңнаманы қайта қарау қажеттігін атап өтті.

"Менің жарлықтарыма сәйкес елден заңсыз шығарылған қаражатты қайтару, сондай-ақ заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, орталық референдум комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша, Конституцияға өзгертулер енгізуге азаматтардың 77,18 пайызы дауыс берген. Түзетулерге қарсы – 18,66 пайыз. Бюллетеньдердің 2,58 пайызы жарамсыз деп танылды. Дауыстарды санау кезінде бюллетеньдердің 1,58 пайызы есепке алынған жоқ.

Дауыс беруге құқығы бар 11 734 642 азаматтың 7 986 293-і дауыс берді. Сайлауға сайлаушылардың 68,06 пайызы қатысты.

5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өтті.

Т. Раушанұлы