Бүгін еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толды

Бүгін еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толды

Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кие. Тәуелсіздік – еңсенің биіктігі. Биыл Қазақстан Республикасының егемендігіне 30 жыл толды.  Бүгін –  ақ түйенің қарны жарылған ұлы тәуелсіздік мейрамы!  Тәуелсіздік жолында қыршыннан қиылған боздақтарға қатпар тарих куә. Батырдың қанымен, арудың арымен келген еңселі егемендік кейінгі ұрпақ – бізге аманат!

Осынау мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймыз. Еліміздің аспаны ашық, керегесі кең болсын. Отанымызда орнап тұрған тыныштық пен берекенің ғұмыры ұзақ болсын!

1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі “Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы” заңды қабылдады. Ескеретіні, Қазақстан КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайта түсті.

Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары мойындады, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран мемлекеті мойындады.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні — тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Бұл күн ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі елеулі мереке болғандықтан мереке күндері күнтізбеде демалыс болып табылады. Жыл сайын республика азаматтарының арасында мәдениет қайраткерлері, әлеуметтік саладағы ерекше қызметімен көзге түскен мамандар, әскери шенділер мен офицерлер, құқық қорғау саласының қызметкерлері және ел өміріндегі белсенді өзге де сала өкілдері елеулі еңбек еткендері үшін мемлекеттік марапаттармен марапатталады.

Тәуелсіздік күнінің құрметіне абақтыдағыларға рақымшылық жасалады. 16 желтоқсан күні Қазақстанның барлық жерлерінде мерекелік мәдени ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады. Кешке қарай үлкен орталықтардың аспаны отшашумен көмкеріледі.

Массагет ұжымы да барша қазақстандықтарды тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, әрбір отбасыға амандық, саулық, бақыт пен шаттық тілейді.

Арда қазақтың аяулы мейрамы құтты болсын, ағайын! Артылған селкеусіз сенімді ақтау – біздің парыз. Тәуелсіздік тұғырлы, еліміз ғұмырлы болсын! 

Т. Раушанұлы