Тоқаев жаңа мереке енгізуді ұсынды

Тоқаев жаңа мереке енгізуді ұсынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін мерекесімен құттықтады. Президент  құттықтау хатында елімізде жаңа мереке – "Радио қызметкерлері  күнін" белгілеуді ұсынды.

Құттықтау хатында алдымен мемлекет басшысы БАҚ өкілдерін мерекесімен құттықтады.

"Құрметті журналистер, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері! Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала. "Халықтың көзі, құлағы һәм тілі" ретінде елге адал қызмет ету – әр журналистің абыройлы міндеті. Сіздер қашанда ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қалам тартып жүрсіздер", - деді мемлекет басшысы.

Президент ақпарат саласы қоғамдық пікірді қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

"Мемлекетшілдік құндылықты дәріптеп, жасампаздық пен жақсылықтың жаршысы болып келесіздер. Ақпарат саласын дамытуға мемлекет тарапынан қашанда ерекше көңіл бөлінеді", - деді Тоқаев.

2021 жылы ең үздік журналистерге арналған жыл сайынғы сыйлық 25-ші рет беріледі.

"Өз кәсібінің майталманы болған қарымды журналистерге қолдау көрсетіледі. БАҚ саласындағы дәстүрлі Президент сыйлығы – соның бір көрінісі. Оның иегері атанған азаматтардың есімі қазақ журналистикасының жылнамасына жазылатыны сөзсіз. Жыл сайын ең таңдаулы журналистерге берілетін марапат осымен жиырма бесінші рет табысталып отыр. Бұл сыйлыққа қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ие болудың да символдық мәні бар. Сіздер егемендік жылдарында ұрпақтың бойына азаттық рухын сіңіруге зор үлес қостыңыздар. Мен мемлекет пен қоғамның ортасында  алтын көпір болып жүрген журналистердің еңбегін жоғары бағалаймын. Әрқайсыңыз шынайы ақпарат таратудың жауапкершілігін сезініп, ұлттық мүдденің биігінен көріне береді деп сенемін, - деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақ радиосының 100 жылдығын мерекелеу аясында ресми түрде 1 қазан - "Радио қызметкерлері күні" деп жариялауды ұсынды.

"Соңғы кезде радио қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жоқ екені жиі айтылып жүр. Мен Қазақ радиосының 100 жылдығы аясында 1 қазанды "Радио қызметкерлері күні" деп ресми түрде бекіткен жөн деп санаймын", - деді Тоқаев құттықтау сөзінде.

Т. Раушанұлы