Жетісу – сулы аймақ. Су мол болғандықтан, шөбі қалың әрі шүйгін. Сондықтан «жер жаннаты – Жетісу» атанып кеткен. Жетісуда жеті өзен бар деседі, шын мәнінде, алты өзен ағады. Соның бірі – Лепсі. Лепсіні тарихтан жақсы білеміз. Өйткені Алматы облысында салынған алғашқы қалашықтардың бірінің атауы дәл осы «Лепсі» қамалы (1847 жыл) болатын.
Лепсі – Жоңғар Алатауынан басталып Балқаш көліне барып құятын өзен. Балқашқа 5 өзен (Іле, Қаратал, Лепсі, Аягөз, Ақсу) келіп құйса, көлемі жағынан Лепсі үшінші орында (Іле мен Қараталдан кейін). Бастауы 3 мың биіктікте жатыр. Тау мұздығынан бастау алады. Жер асты суымен, жауын-шашынмен толығады.
Жазықтағы ені 30 метрге дейін, ал тереңдігі 5 метрге дейін жетеді. Өзеннің ұзыныдығы 418 шақырым, Алматы облысының Ақсу, Сарқан аудандарымен ағып өтеді. Бассейн аумағы – 8040 км².
Лепсіге Ағынықатты, Сарымсақты өзендері келіп қосылады. Лепсі мен Серкесай шатқалы, Қарғалы аңғарымен ағады.
Өзен желтоқсанда қатып, наурызда ериді. Суы егін суаруға, жағалауы шабындық пен жайылымға пайдаланылады. Лепсінің су режимін реттеу үшін Лепсі каналы салынған.
Лепсінің табиғатына тамсанған орыс суретшісі В.Верещагин "Лепсі алқабын қоршаған таулар" атты картинасын салған.
Лепсі атауы қайдан шыққан?
«Лепсі» атауы «Ертіс», «Ырғыз», «Шу», «Жем», «Есіл», «Талғар» сияқты көне топонимдік атаулардың қатарына жатады.
Лепсі гидронимін А.Әбдірахманов, Е.Қойшыбаев, Т.Жанұзақ т.б. ғалымдар парсы тіліндегі Ләб//лаб – «ерін» сөзінің ауыспалы мағынада («жаға», «жар») қолданылу нұсқасынан жасалғанын айтады. Шыныда да екі жағасы түрілген ерінге ұқсас өзендерге, сайларға ерін географиялық термині сәйкес келеді. Мәселен, Шығыс Қазақстанда Үріл моңғ. уруул «ерін» топонимі бар.
Лепсі гидронимінің екінші сыңары – сы, сі «су» терминінің көне тұлғасы екені дәлелденген. Сонда Лепсі «жағалары тең, біркелкі түріле біткен су» мәнін береді деуге болады.
Бердібек Бияровтың айтуынша, «Лепсі» атауы қазақ тіліндегі «ілеспе» сөзінің қысқарған түрі деген пікір айтады. «Өйткені Лепсі өзіне Басқан, Сарқан тағы басқа бірнеше шағын суларды қосып, ілестіріп барып Балқашқа құяды» дейді ғалым.