Жетісудің жеті өзені: Қаратал

Қазақстанда «Қаратал» аттас үш өзен бар. Оның бірі Ақмола облысында, екіншісі Қарағанды облысында. Ал үшіншісі – Алматы облысындағы даңқты Жетісудің жеті өзенінің бірі, Балқаш алабына қарайды.

Жағасында талы мен тоғайы мол әрі қарағашы көп болғандықтан, Қаратал атанып кеткен.

Қараталдың бойында Талдықорған, Үштөбе мен Текелі қалалары орналасқан. Алматының Көксу, Қаратал, Ескелді сынды аудандарын кесіп өтіп, Балқашқа құяды. Көлге құяр тұсы кең жайылған, арнасы 100 метрге дейін жетеді. Өзен ағысының орташа жылдамдығы, шамамен, 7 шақырым/сағат.   

Жоңғар Алатауындағы мұздықтардан бастау алатын өзен. Таудан аққан Текелі, Қора, Чажа өзендерінің қосылуынан пайда болған. Жалпы ұзындығы – 390 шақырым. Су бассейнінің көлемі – 19,1 мың шаршы шақырым. Алғашқы 160 шақырымы таудың ішімен ақса, кейін Сарыесек атырау, Жаманқұм, Бестас құмына өтіп, Балқаш жазығына келіп жайылады. Қараталға Көксу, Быжы, Қара, Теректі, Лаба, Балықты, Мүкір сынды өзендер келіп құяды. Арасында ең үлкені – Көксу.

Қаратал – асау өзендердің бірі. Көктем мен жазда жауын-шашын көбейсе, арнасынан асып кетеді. Оның үстіне, құмды, тақырмен аққан жері босаң, жағасын лезде жайып кетеді. Өзен желтоқсанда қатып, наурызда ериді.

Қаратал – Балқашқа құятын екінші ірі өзен (біріншісі – Іле). Көлге құйылатын судың 20 пайызын құрайды. Өзен бойында бірқазан, үйрек, шағала, құтан сынды құстар мекендейді.

Суы таза, ішуге жарамды. Маңайындағы елдімекендердің барлығы осы Қараталдан су алып отыр. Су күз айларында тартылып, қазан айына қарай тіпті таяз боп кетеді.

Кезінде Қараталдың Балқашқа құяр тұсы бес арнамен кеп қосылады. Қазір тек бір арнамен ғана су келеді. Ақтөбе құмымен келіп көлге құятын тағы бір сағасы болған. Алайда оның барлығы көкөніс шаруашылығы қолға алынған кезде, тартылып кеткен.

Қазір де өзен су егістік пен электр энергиясын өндіруге қолданылады. Өзен бойынша шағын СЭС бар.

Қаратал өзенінің қазақ тарихында маңызы ерекше. Қазақ хандығы алғаш Жетісу жерінде құрылғаны белгілі. Демек, алғашқы қазақ рулары да дәл осы өзен бойында қоныстанып, орда көтерген. Қараталдың бойындағы шатқалдарда сақ пен көне түркі кезеңінде қашалған петроглифтер сақталып қалған. Шамамен, қола дәуірінде жазылған.

«Жетісу» деген атау ХІХ ғасырдың ортасында пайда болған. Бұл аймаққа Ресейден келіп қоныс тепкен казактар өңірдің шүйгін табиғаты мен мол суына қызығып, жер жаннатына теңеген. 

Бөлісу: