Алматыда 3 ақпаннан бастап Қытайдан келетін рейстер тоқтатылады

Алматыда 3 ақпаннан бастап Қытайдан келетін рейстер тоқтатылады

1 ақпаннан бастап Алматыда барлық халықаралық рейс бойынша санитарлы-карантиндік бақылау күшейтілді. Бұл туралы Алматыда өткен брифинг барысында қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда Алматыда коронавирус инфекциясының алдын алу және таратылуын болдырмау мақсатында профилактикалық шаралар легі жүргізіліп жатыр. 2020 жылдың 3 ақпанынан бастап Қытайдан келетін барлық рейстер тоқтатылады. ҚХР-дан келетін рейстердің оқшаулық қағидаты сақталады. Қытайдан келетін әуе кемелерінің бәрі жеке тұраққа орналастырылып, жолаушылар мен экипаж мүшелері әуежайдың терминалымен байланысы жоқ арнайы аумақтан өтеді.

«1 ақпаннан бастап барлық халықаралық рейс бойынша санитарлық-карантиндік бақылау күшейтіледі. Әлемнің 26 елінде коронавирус жұқтырудың 160 жағдайы тіркелді. Бүгінгі таңда барлық рейс қадағалануда», - деді Айзат Молдағасымова.

Санитарлық-карантиндік бақылауды күшейтуге 80 эпидемиолог пен 8 бригада жұмылдырылған. Тәулік бойы 30 эпидемиолог барлық рейс бойынша жұмыс жүргізеді.

Мегаполисте коронавирус жұқтыру фактісі тіркелген жоқ. Вирустық аурулардың алдын-алу үшін Айзат Молдағасымованың айтуынша, жеке гигиенаның қарапайым ережелерін сақтау керек: қолды жуып, халық көп жиналатын орындарға көп бармау, медициналық маска кию, белгілері анықталған жағдайда дәрігермен кеңесу және иммунитетті көтеру. Қажетті ақпаратты алу үшін 1406 Call-орталығына тәулік бойы хабарласуға болады.

 
А. Рысдәулет