- Негізгі бет
- Қазақстаным
- "Кереку" – орыстың...
"Кереку" – орыстың сөзі емес
Қазақстанның солтүстік-шығысында орналасқан Павлодар облысы 1938 жылы 15 қаңтарда құрылды. Қала атына берілген облыстың орталығы – Павлодар қаласы. 80 жылдық тарихы бар облыс жайлы қысқаша ақпарат беруді жөн көрдік.
Бұл облыс елімізде құрылыс заттарын дайындауға бағытталған көп салалы өнеркәсіптік кешені бар Қазақстандағы ірі индустриялды орталық. Облыс құрамына 3 қала, 4 поселке, 10 ауылдық аудан кіреді. Соңғы санақ бойынша, Павлодар облысында 800 мыңға жуық адам тұрады. Этникалық құрамына талдау жасар болсақ, жоғарыдағы халық санының 48,8 пайызы – қазақтар. Ал 37,9 пайызы – орыс ұлтының өкілдері. Қалған 13,3 пайыз өзге этностарға, этникалық топтарға тиесілі.
Бұл мекен рухани мәдени мұраларға бай. 1928 жылы бүгінгі Павлодар темір жол көпірінен оңтүстікке қарай 1 шақырым жерден ерте замандағы жануарлардың сүйектері мен қаңқалары табылды. Бұл жердегі жәдігерлер сақталуы мен әр түрлілігі бойынша әлемдегі үздік 20 палеонтологиялық ескерткіштің қатарына кірді.
Табиғаты көз тартарлықтай әдемі және бойына бірнеше ғасырлық тарихтың құпияларын сақтап отыр. Тек облыстың емес, қазақтың мақтанышына айналған тұлғаларды тәрбиелеген мекеннен Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шапық Шөкин, Жұмат Шанин, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Дихан Әбілев, Шәкен Айманов, Григорий Потанин, Иса Байзақов, Сәбит Дөнентаев сияқты тұлғалар шыққан.
Ертіс бойында орналасқан Павлодар қаласының атауына келер болсақ, бұл тақырыпта осы уақытқа дейін талай сөз қозғалды. 1720 жылы Ертіс бойындағы алдыңғы шептегі бекініс ретінде Коряков мекені пайда болды. 1838 жылға дейін Коряков бекінісі аталған елді мекен, осы жылдан бастап Коряков бекеті болып өзгереді. Ал, 1860 жылы Александр ІІ-нің Павл атты ұлы дүниеге келуіне орай жергілікті көпестердің ұсынуымен қаланың атауы Павлодар болып өзгереді. Бұл тарихи оқиға ресми түрде 1861 жылы жүзеге асты. Жергілікті халықтың айтуынша мекеннің ең алғаш Коряков аталуының себебі мынадай: Бекініс тұрғызылмас бұрын осы аумаққа Ресейден Н.Коряков атты адам көшіп келеді. Осы кісі бекініс тұрғызылар аймаққа бірінші болып қоныс тепкендіктен оның құрметіне бекіністі Коряков деп атап кеткен дейді. Бірақ, осы бір тұлға жайлы тарих беттерінде ешқандай дерек жоқ. Қандай кәсіппен айналысып, қай жылдары өмір сүргенін, ұрпақтары, отбасы жайлы тіпті жергілікті халықтың өзі бір дерек білмейді. Тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаевтың зерттеулері, пікірі бойынша, Коряков деген адам тарихта мүлде болмаған. Тарихшы өзінің зерттеу жұмысын Семен Ремезовтың 1699-1701 жылдары сызған «Сібірдің сызба картасы» арқылы дәлелдеді. Бұл картада қазіргі Павлодар қаласы орналасқан аумақ «Коряков Яр» деп көрсетілген. ХVII ғасырда бұл маңда орыстардың мекендемегенін ескере отыра, бұл сөздің орыс сөзі болуына ешқандай негіз жоқ. Керісінше, «Керяков Яр» атауы – «Кереку Жар» деген түркі сөзі. Бұл болжамға дәлел де бар. Махмұт Қашқаридің «Түркі тілдерінің сөздігіне» үңілер болсақ, «кереку» сөзі – «үй», «кереге» деген мағынаны білдіреді. Демек, бұл аумақ түркілер дәуірінде Кереку деп аталған. Кейінірек, орыстардың келуімен Кереку сөзі орысшаға бұрмаланып Керяков болып өзгеріп кеткен.
А. Қажиев