Алматыға тиіп тұр...

Алматыға тиіп тұр...
Фото: massaget.kz

Айнала у-шу, ары-бері ағылған көліктер, үнемі бір жаққа асыққан халық, қарбалас тіршілік, зулап өтіп жатқан уақыт – мұның бәрі алып шаһар Алматының күнделікті көрінісі. Қаланың кез келген тұрғыны бұл көріністен бір сәт болсын демалғысы келетіні анық. Әркім жабығудан әрқалай арылады. Біреулер демалыс алып, үйде қамалып отырады, біреулер алыс шетелдерге саяхаттауды жөн санайды. Мәселені шешудің мүлде басқа жолын таңдайтын үшіншілер де бар. Ол – үйде қамалмай, алыс елге кетпей, қала маңындағы әсем табиғатты тамашалап, сол арқылы жабығудан арылып, бойына қуат жинайтындар. Оңтүстік астанамыз Іле Алатауының баурайында орналасқандықтан, бұл маңда адам жанына тыныштық сыйлайтын ғажап мекендер жетерлік. Назарларыңызға Алматыға жақын орналасқан әдемі демалыс орындарының бестігін ұсынамыз.

Медеу 

Алматы мен тау дегенде көпшіліктің ойына келетіні ең алдымен осы Медеу болар. Мұнда барып-қайту өте ыңғайлы, көп уақытты қажет етпейді. Қаладан таңнан кешке дейін қатынайтын арнайы автобустар да бар. Теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте орналасқан Медеуде таза ауамен демалып, мұз айдынында коньки теуіп, атақты плотинасына шығу арқылы дене шынықтырып қайтуға болады. Табиғат аясындағы демалысқа тек төрт-бес сағаты бар жандар үшін Медеу таптырмас орын. Сенбі-жексенбі мұнда да адам көп. Дегенмен, қаладағыдай у-шу жоқ.

Бұтақты аңғары мен сарқырамасы

Бұл – отбасылық демалысқа арналған таптырмас орын. Жеке көлікпен барғанға өте ыңғайлы. Көлік аңғарға кірер тұсқа дейін жете алады. Дене қыздырамын деушілер болса, аңғар бойымен өрлеп, биіктігі 15 метрден асатын Бұтақты сарқырамасына дейін жаяу жүріп қайта алады. Тағы бір артықшылығы – бұл аңғарда қыста да, жазда да Алма-Арасандағыдай құжынаған халық жоқ. Айналадағы жоталар аласа болғандықтан, мұнда тәтті тау суынан дәм татып, орман ішіне кіріп, серуендеп қайтуға да болады.

Үлкен Алматы көлі

Теңіз деңгейінен 2511 метр биіктікте орналасқан бұл нысан алматылықтардың мақтанышы саналады. Ені бір, ұзындығы бір жарым шақырымға созылған көл Іле Алатауының биік шыңдарының ортасында орналасқан. Мұнда жету көлігі бар жандар үшін аса қиын емес. Ал жаяу жүргіншілер барып-қайтуға бір күн уақытын жұмсайды. Көлдің жанында Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясы орналасқан, ал одан оңтүстікке қарай, шамамен, оң шақырымдай жер жүрсеңіз Қырғыз елінің шекарасына өтесіз. Сондай-ақ, бұл тұстан Үлкен Алматы шыңына апаратын жол бар. Ол шыңға шығып, көлді және алып шаһарды төбесінен тамашалауға болады.

Көкжайлау

Соңғы жылдары тау-шаңғы курорты салынады деген жаңалыққа орай қала тұрғындарының уайымына айналған Көкжайлау табиғат аясында жаяу серуендеуді сүйетін жандарға арналған. Себебі, мұнда көлік келе алмайды. Теңіз деңгейінен 1450–1740 метр биіктікте орналасқан мекен сонысымен де ерекше. Тағы бір ерекшелігі, Көкжайлау Үлкен және Кіші Алматы аңғарларының ортасын жалғап тұрғандықтан, оны кесіп өту арқылы Медеуден Алма-Арасанға немесе керісінше, Алма-Арасаннан Медеуге жетуге болады. Сонымен қатар, Ағайынды үшеу, Құмбел секілді шыңдарға апаратын жолдар да осы жерден басталады. Көктөбеден Алматы алақандағыдай көрінетін болса, Көкжайлаудан сол Көктөбенің өзі алақандағыдай көрінетінін де айта кеткеніміз жөн болар.

Таудағы әткеншек

Іле Алатауындағы Фурманов шыңына барар жолда орналасқан бұл әдемі әткеншекке жету оңай емес. Алдымен Медеуге дейін қоғамдық көлікпен келіп, артынша Кімасар аңғары арқылы өрге қарай 5 шақырымдай жаяу жүруге тура келеді. Алайда, жолай шаршағаныңызбен, мұнда жеткенде қиындықтың бәрі ұмыт болады. Өйткені, жол бойында өзіңіздің жігерсіздігіңізбен күресесіз. Дегеніңізге жеткеніңіз – қайсарлық танытқаныңыз, кері қайтқаныңыз – жеңілгеніңіз. Тау төбесінде тұрған әткеншекке тербеліп, айналаның әдемі көрінісін тамашалаған сәтте өзіңізді аспанда қалықтаған құстай сезінесіз. Нағыз демалыс деген – осы болар.

Y. Almabek