- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Ертең Алматы метросының...
Ертең Алматы метросының ашылғанына 6 жыл толады
Осыдан алты жыл бұрын алты алаштың халқы бөркін аспанға атып Алматы метросының ашылғанына қуанып еді. Тұңғыш Президент күнінде өз жұмысын бастаған метро Қазақстандағы тұңғыш жер асты көлігі. Ал, Орталық Азияда Ташкент метросынан кейін екінші болып салынса, ТМД елдерінің ішінде он алтыншы орындағы жолаушы тасымалдайтын көлік түрі.
Қазіргі уақытта қала халқының саны күн сайын артып келе жатқандықтан метроның жолаушылар тасымалдаудағы рөлі басым. Уақыттың маңыздылығын сезіне білетін қала тұрғындарына ыңғайлы жағдай туғызған Алматы метросы жолаушылардың көңілінен шығады. Метро бекеттері өте көркемделіп жасалғандықтан жолаушылардың бірден көзін тартады. Әлемдік стандарттарға сай келетін бұл метро ел Тәуелсіздігінің мақтанып айтар туындысы. Бұл жер асты көлігінің дүние жүзіндегі метролармен бәсекелесуге деген қабілеті уақыт өткен сайын артуда.
Қазақстанда метро салу мәселесі Кеңестік дәуірде талқыланып басталды. Ең алғашқы ұсыныстарды, қала халқы 1 миллионнан асу керек, қаланың аумағы үлкен болу керек деген сылтаулармен кейінге қалтыра берген. Осыған сәйкес, Алматының маңайындағы аймақтарды Алматыға кіргізу мәселесі көтеріліп бұл іс жүзеге асты. 1981 жылы ең алғашқы рет Алматы метросының сызба нұсқасы дайындалды. Бұл сызба бойынша жер асты көлігінің жалпы ұзындығы 40 м болады деп жоспарланды. 1984 жылы СОКП Орталық комитетінің шешімі бойынша Алматыда метро құрылысы басталады деген жарғы шықты. Алайда, құрылыс жұмыстары басталғанға дейін көптеген кедергілер болды. Тіпті, басталып кеткен күннің өзінде, жұмыс процесінде кідірістер көп болатын. Негізгі себеп, Кеңес басшылығының бұл мәселеге құлықсыздығы. Осыған қарамастан, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы осы мәселенің бас-қасында жүрген азаматтармен ақылдаса келе, бұл идеяны жүзеге асыру мақсатында әр министерге өзі жеке-жеке жолыққан еді.
Алматы сейсмикалық аймаққа жататын қала болғандықтан бұл жердегі метроның құрылысына да баса көңіл бөлінді. Құрылыс нысанына қазынадан 166 миллиард теңге бөлінді. Күту алаңдары таза, жарық және әрдайым бірқалыпты температурада. Аялдамадағы безендендірулер өте жоғарғы деңгейде жүзеге асқан. Алматы метросының басқа мемлекеттердегі метролардан ең басты айырмашылығы және ұтымды тұсы, бекеттердің әртүрлілігі. Электропойыздар бір мезетте 940 адамды тасымалдауға қауқарлы.
Құрылыс жұмыстары 2035-ке дейін аяқталады деп жоспарланған Достық және Қалқаман бекеттерінің ашылуын қала халқы қуана күтеді. Екінші линия нысандары уақытынан бұрын өз қызметтерін бастар болса, Қалқаманның ғана емес, Қазақстанның халқы қуанар еді.
А. Қажиев