Алматыда екі метро бекеті ашылады

Алматыда екі метро бекеті ашылады

Қазақстанның оңтүстік астанасында осы жылы "Сайран" және "Мәскеу" деп аталатын екі бірдей жаңа метро бекеті ашылатын болады деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтың айтуынша, дәл қазіргі уақытта жер асты жолы қалалық инфрақұрылымның ең маңызды нысаны болып отыр. Енді тұрғындар қаланың бір бұрышынан келесі бір бұрышқа дейін оңай қатынай алатын болады.

"Екі бекетті іске қосар болсақ, қала орталығындағы автокөліктің жиілігін төмендете аламыз деп ойлаймын. Жаңа бекеттер Алматы қаласының шетінде орналасқан аудан тұрғындары үшін өте ыңғайлы, олар енді кептеліске тап болмастан, жұмыстарына уақытылы барып, уақытылы қайта алады. Көпшілік қауым метрополитеннің артықшылығына жоғары баға беріп жатыр" - деді қала әкімі.

"Сайран" және "Мәскеу" бекеттері 2014 жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі. Станциялар арасындағы тұрғызу жұмыстары өткен жылдың соңында басталып кеткен екен. Алматы қаласының басшысы күні кеше ғана құрылыс орнында болып, құрылысшылардың еңбегіне риза болды.

Ал бекеттердің өзі жартылай дайын болғанымен, жаз айларында тағы да қосымша жұмыстар күтіп тұр. Сәулетшілер "Мәскеу" бекетіне ерекше назар аударған. Оның әрлеу жұмыстарын Ресейден келген дизайнерлер жасап шыққан екен.

Жалпы биылғы жылы Алматы қаласындағы электрокөлікті дамыту мақсатында 17 трамвай, 195 жаңа троллейбус сатып алынған, жыл соңына дейін газды жанармаймен жүретін 400 автобус және 300 такси пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Осындай жобаларды есепке алғанда, 2014 жылдың соңында экологиялық қоғамдық көліктің салыстырмалы салмағы шамамен 50%-ды құрайтын болады.

Алматы метросы туралы арнайы репортажды мына жерден көре аласыздар.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: massaget.kz