- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақстандағы туризм туристердің...
Қазақстандағы туризм туристердің көзімен
Елімізге келетін туристердің Қазақстан туралы ауыз толтырып айтатын екі ерекшелігі бар: қонақжайлығы және елдегі қауіпсіздік.
Еліміз көрші жатқан кейбір елдерге қарағанда инфоқұрылымдармен жабдықталған, жоғары қарқынды тас жолдар салынған, дамуы өте тез жүріп жатқан жаңалығымен де ерекшеленеді.
Туристердің айтуынша біздегі ішкі баға өте қымбат. Қырғызстан және Өзбекстанға барған туристер бізге келіп, қымбатшылықты сезінетіндіктерін жеткізген.
Бізге келуші туристерге елдегі тарихи мекендер, археологиялық қазбалар, ескі салтты сақтаған халықтың тұрмыс-тіршілігі қатты ұнайды. Бұл туралы Дагмар Шрайбер есімді жиһанкез қыз ағынан жарылды. Оған табиғат аясында жалғыз қалып, ешқандай топпен бірікпей серуенге шыққан жақсы. Ал Еуропада ондай мүмкіндер аз дей келіп, біздің елдегі қауіпсіздік пен жабайы табиғатта жалғыз қалудың мүмкін болатынын жеткізді.
Туристердің басым көпшілігі Алматыдағы «Жетісу» қонақ үйінде туристерге арналған арнайы база құруды ұсынады. Себебі бұл қонақ үй ішінде тоғыз жолдың торабы тоғысқан шет елдіктер көп келеді әрі бұл қонақ үй халықаралық «Ұлы Жібек жолына саяхат» бағдарламасының мүшесі ретінде саналады дейді.
Сонымен қатар бұл жер тек қонақ үй емес, орталық болғанын қалайды. Шеттен келетін туристер негізінен Алматыға ат басын тірейді. Себебі бұл демалыс және мәдениет ордасы. Сондықтан келуші жиһанкездер осы орталықтан келіп қай бағытқа жол алатындары жайлы, қайда бару керек, қай жерде қандай ерекшелік бар, құндылықтар, жабайы табиғатта не бар деген секілді сұрақтарға жауап табуы керек.
Бұдан бөлек туристердің бізге келуіне басты себеп адам аяғы баспаған табиғатымызға тамсану. Себебі олардың жағалау да, ну орман да, биік таулар да, тіпті демалатын арнайы орындарда бар. Тек бәрінде саяхат орындары салынған, адам аяғы жететін мекендер. Ал Қазақстанда адам аяғы баспаған жабайы табиғат бар деп, оның ішіне: Жоңғар Алатауын, Іле Алатауын жатқызады. Болашақта туризм экотуризмге ауысып, адамдардың қызығушылығы оянады. Ал экотуризм үшін Қазақстан «Батыс-Шығыс» қақпасы ретінде таптырмас ел болары сөзсіз.
Туристердің Қазақстан жайлы айтқан ойлары қуантады. Себебі кеше ғана егемендік алған елдің отызға жетпеген жасында бұл жетістік, бұл мақтау елді қамшылап, жігерлендірмесе, еліміздегі туризм саласындағы қызметкерлерді алдыға итермелемесе, кейін тартпасы анық.
М. Ақан